Елде инвесторлармен сотқа дейінгі дауды реттеу жөніндегі комиссия құрылады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда инвесторлар мен мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, мемлекеттік мекемелер және квазимемлекеттік сектор субъектілері арасындағы дау-шарды сотқа дейін реттеу жөніндегі комиссияны құру қағидасы бекітілді.
Тиісті бұйрыққа ҚР Бас прокуроры 2026 жылғы 20 шілдеде қол қойды. Құжат 2026 жылғы 16 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
Құжатқа сәйкес, инвестициялық қызметке байланысты дауды сотқа дейін реттеу туралы инвестордың, мемлекеттік органның, әкімдіктің, мемлекеттік мекеменің, квазимемлекеттік сектор субъектісінің немесе инвестициялық прокурордың өтініші комитетке түскеннен кейін комиссия құрылады. Комиссияны құру туралы шешімді комитет төрағасы немесе оның міндетін атқарушы жеті жұмыс күні ішінде қабылдайды.
Сонымен қатар, егер өтініш Конституциялық заңда белгіленген мерзімнен кеш берілсе, комитет оны қараудан бас тартуға құқылы.
Комиссияның бес мүшесі болады. Оның құрамына комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің өкілі, сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының мүшесі енеді. Комиссияның құрамы, төрағасы және хатшысы жеке бұйрықпен бекітіледі.
Ұсынылған материалдарды жан-жақты қарастыру үшін, қажет болған жағдайда комиссия отырысына мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері мен тиісті сала сарапшылары тартылуы мүмкін.
Комиссияның жұмыс органы құрылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде материалдарды дайындап, отырыстың күн тәртібінің жобасын жасап, оны ұйымдастыруды қамтамасыз етуі керек.
Отырыс қорытындысы бойынша хаттама рәсімделеді. Соның негізінде Комитет қорытынды шығарады.
Жаңа қағида 2026 жылғы 16 тамыздан бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, бұған дейін прокуратура 5,8 млрд теңгелік инвестжобаны заңсыз тексеруден арашалап қалғанын жазғанбыз.