Елде қандай дәрілік препараттар арзандады

АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті пациенттердің қаржылық жүктемесін азайту және негізсіз үстемеақыларды болдырмау мақсатында дәрілік препараттарға шекті бағаларды қалыптастыру тетігін енгізді. 

Елде қандай дәрілік препараттар арзандады
Фото: Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті

Нәтижесінде бөлшек саудада сатылатын шамамен 5 000 дәрілік заттың бағасы қайта қаралды. Бұл тізімге жүрек-қан тамырлары жүйесінің созылмалы ауруларын, тыныс алу органдарының ауруларын, инфекциялық ауруларды және басқа да кең таралған жағдайларды емдеуге арналған препараттар енгізілді.

Бұл көптеген қазақстандыққа күнделікті қажет дәрілердің енді анағұрлым қолжетімді болатынын білдіреді.

Қазіргі уақытта 4 994 сауда атауына шекті бағалар белгіленген, ал фармацевтикалық қызмет субъектілері дәрілік заттарды белгіленген шекті деңгейден аспайтын бағамен сатуға міндетті.

Сонымен қатар, 1 707 рецептісіз берілетін препарат мемлекеттік реттеуден шығарылып, нарықтық қағидаттар бойынша сатылып жатыр.

Еліміздің 20 өңірінде жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша, 2026 жылғы наурызда 2025 жылғы маусыммен салыстырғанда 631 атау бойынша бағалар орта есеппен 24,6%-ға төмендегені тіркелді. Атап айтқанда, келесі дәрілік препараттар бойынша айтарлықтай төмендеу байқалды:

— Пренесса®️, 8 мг № 30, таблеткалар — 18,3%-ға;
— Сиалис®️, 20 мг № 1, таблеткалар — 16,5%-ға;
— Тамифлю®️, 75 мг № 10, капсулалар — 14,5%-ға;
— Периндоприл-Тева, 5 мг № 10, таблеткалар — 24,3%-ға;
— Энтекавир Вива Фарм, 0,5 мг № 30, таблеткалар — 20,0%-ға төмендеді.

️ Комитет тарапынан еліміздің барлық өңірінде баға жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр.

Белгіленген шекті бағалардан асып кету фактілері анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылған.

Азаматтар баға белгілеу бойынша ықтимал заңбұзушылықтар туралы DariKZ мобильді қосымшасы арқылы хабарлай алады немесе Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің өңірлік департаменттеріне жүгінуіне болады.

Айта кетелік қазақстандықтар қандай препараттарды жиі сатып алатыны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар