Елде қанша мәдени мекеме бар

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елде көпшілікке қолжетімді 3920 кітапхана, 3076 мәдени-демалыс ұйымы, 282 мұражай, 251 ойын-сауық және демалыс паркі, 113 кинотеатр, 74 театр, 50 концерттік ұйым, 10 хайуанаттар бағы және 4 цирк жұмыс істеді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады. 

Елде қанша мәдени мекеме бар
Фото: Алматы әкімдігі

2024 жылы келушілер саны бойынша кітапханалар көш бастады (55485,6 мың адам келуші), одан кейін кинотеатр (23 277,4 мың келуші), ойын-сауық және демалыс саябағы (15 598,1 мың келуші) мен мұражайларға (6665,4 мың келуші) барушылар көп болған.

2023 жылмен салыстырғанда келушілер саны зообақтарда 30%, концерттік ұйымдарда — 12,1%, мәдени-демалыс ұйымдарында — 11,5%, кинотеатрда — 10,9%, мұражайларда — 6,5%, театрларда –3,5% артқан.

Бұл ретте іс-шаралардың көпшілігін мәдени-демалыс ұйымдары (224,2 мың), театрлар (16,7 мың бірлік), ойын-сауық және демалыс саябақтары (8,7 мың), сондай-ақ концерттік ұйымдар (6,4 мың) өткізген. 2024 жылы демалыс және ойын-сауық саябақтары өткізген іс-шаралар саны 24%, цирктерде –13,5%, мәдени-демалыс ұйымдарында 8,8% өскен.

— Өңірлік бөліністе 2024 жылы кітапханаларға барушылардың басым бөлігі Алматы қаласы (5581,5 мың келуші), Солтүстік Қазақстан (4512,4 мың келуші), Түркістан (4083,7 мың келуші) және Ақмола (3722,2 мың келуші) облыстарында байқалған. Киноға барушылар саны бойынша Республикалық маңызы бар қалалар алда: Алматы — 7 844,6 мың келуші, Астана — 4027,8 мың келуші, Шымкент-1929,4 мың келуші. Мұражайларға барушылар саны Түркістан облысында (1170,1 мың келуші) және Астана қаласында (955,8 мың келуші) ең көп болған, — делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар