Елде кене шаққан 13 мыңнан астам адам дәрігерге жүгінген

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда кенелердің белсенді кезеңі басталғалы бері медициналық ұйымдарға 13 мыңнан астам адам қаралған.

Шығыс Қазақстан тұрғындарын кене шаға бастады
Фото: Pexels

Осы аралықта кене энцефалитінің 24 жағдайы зертханалық жолмен расталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова мәлімдеді.

Оның айтуынша, кене энцефалиті — жаз мезгілінде жиі кездесетін жұқпалы аурулардың бірі. Елімізде аурудың табиғи ошақтары Алматы қаласы мен оның маңында, Алматы, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Абай облысының Көкпекті, Ақмола облысының Сандықтау және Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау аудандарында орналасқан.

Елімізде жыл сайын кене энцефалитінің 24-тен 48-ге дейінгі жағдайы тіркеледі. Кене шаққаннан кейін жыл сайын 10–16 мың адам медициналық көмекке жүгінеді.

— Биылғы 24 жағдайдың алтауы Шығыс Қазақстан облысында тіркелген. Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында бес жағдай анықталған. Астана қаласында үш жағдай тіркелді, — деді ол.

Сархат Бейсенованың сөзінше, биыл көктемнің ерте келуі мен қолайлы ауа райы кенелердің белсенділігін арттырған. Соның әсерінен кене шаққан адамдардың медициналық ұйымдарға жүгінуі көбейген.

Маусым басталғалы бері медициналық ұйымдарға 13 мыңнан астам адам қаралған. Олардың 45 пайызы — 14 жасқа дейінгі балалар. Ең көп адам Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында медициналық көмекке жүгінген.

Эпидемиологиялық бақылау аясында кене энцефалитіне күдікпен 454 адам тексерілді. Сонымен қатар адамдардан алынған 1 200 кене зерттелді. Оның 20-сынан, яғни 1,7 пайызынан кене энцефалитінің вирусы анықталды.

Еске салайық, бұған дейін елордада кене шаққан жағдайда тұрғындардың қай медициналық ұйымдарға жүгіне алатыны туралы жазған едік.