Елде қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша рақымшылық жарияланады

АСТАНА. KAZINFORM — Жақын арада бірқатар маңызды заң жобасы Парламент қарауына енгізіледі. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәлім етті.

Елде қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша рақымшылық жарияланады
Коллаж: Kazinform

— Бұдан бөлек, Президентіміз бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша рақымшылық жариялау жөнінде шешім қабылдады. Сессия соңына дейін бұл заңды да қабылдауға тиіспіз. Сондықтан бізге — депутаттарға зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Жаңа Конституцияның нақты іске асуын қамтамасыз ету бізге бұйырып отырғаны — зор мәртебе. Сондықтан осы тарихи миссияны абыроймен атқарайық! Президентіміз айтқандай, біз Халық Конституциясын келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді терең сезіне отырып қабылдадық. Ендеше, Ата заңымыз келер ұрпақтарымызбен бірге жасай берсін! , — деді Е. Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында. 

Айта кетейік, 17 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Конституциясына және «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. 

Сонымен қатар, Президент Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиынға қатысты. 

— Өздеріңізге мәлім, былтыр қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға рақымшылық жасалды. Енді азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жариялауға болады. Елімізде әкімшілік істер бойынша рақымшылық алғаш рет жасалатынын атап өткім келеді. Парламент қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заң қабылдауы керек. Бұл — Негізгі заңдағы адамгершілік идеалдары мен прогрессивті құндылықтарды қоғамда орнықтыратын маңызды қадам, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.