Елде қызылша ауруына тосқауыл қоюға не кедергі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда қызамық пен қызылша ауруына қатысты жағдай түзелді ме? Оның таралуына тосқауыл қою бойынша қандай шаралар қабылданып жатыр? ? Бұл сұрақтарға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жауап берді.

денсаулық
Фото: Алматы әкімдігі

- 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде қызамық ауруы 2024 жылмен салыстырғанда 85%-ға төмендеді. Сонымен қатар, эпидемиологиялық жағдайдың толық тұрақтандырылуына қол жеткізілген жоқ, қызылша жағдайлары негізінен 5 жасқа дейінгі балалар арасында тіркеліп жатыр (68%), оның ішінде 74%-ы вакцинацияланбаған балалар мен екпе мәртебесі белгісіз адамдар, - делінген ведомствоның Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында екпе егу сияқты эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені іске асып жатыр. Осылайша, осы жылдың 8 айында 1 жастағы 186,7 мың бала және 6 жастағы 225,6 мың бала қызамыққа қарсы жоспарлы вакцинациямен қамтылды. 2026 жылдың басынан бастап 18 жасқа дейінгі 71,9 мың адам толықтай иммунизациямен қамтылды (2025 жылы – 319,5 мың бала, сондай-ақ 70,4 мың медицина қызметкері вакцинацияланды).

- Қызылшаның әрі қарай таралуының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2026 жылғы 19 ақпандағы № 3 «Қазақстан Республикасындағы қызылша бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі шаралар туралы» қаулысы қабылданды. Ұйымдастырылған ұжымдарда, әскери бөлімдерде және білім беру мекемелерінде сырқатқа қарсы шаралар күшейтілді, соның ішінде қызылша жағдайлары тіркелген кезде екпе жасалмаған адамдарды уақытша шеттету қарастырылды, - деп аталып өткен комитет ақпаратында.

Қызылша жағдайларының негізгі бөлігі егілмеген немесе вакцинация курсын толық аяқтамаған адамдар арасында тіркелетінін атап өту маңызды.

- Сондықтан уақытылы вакцинация - қызылшадан қорғанудың және оның әрі қарай таралуының алдын алудың ең тиімді тәсілі, - деп нақтылады ведомство мамандары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Бангладеште қызылша індеті өршіп, мыңға жуық бала қайтыс болды.