Елде маусымдық су тұтынудың жаңа моделі қалыптасып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Күріш алқабы 20,2 мың гектарға, атап айтқанда, Қызылорда облысында — 10,9 мың га, Түркістан облысында — 7,4 мың га, Алматы облысында — 1,9 мың гактарға қысқарды. 

Елде маусымдық су тұтынудың жаңа моделі қалыптасып жатыр
Фото: АШМ

Мемлекет басшысының егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасы аясында күріш пен мақта сияқты су сыйымдылығы жоғары дақылдардың үлесін қысқартуға ерекше назар аударылып отыр. Бұл шара су жүктемесін төмендетуге және қолда бар ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған. Аталған тәсілдер 2024–2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру жөніндегі Жол картасында көрініс тапқан.

Осы ретте желтоқсан айының басында Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарындағы егіс құрылымын оңтайландыру мәселелері қаралып, онда су аз қажет ететін дақылдарға көшуге және су үнемдеу технологияларын, оның ішінде тамшылатып суаруды кеңінен енгізуге айрықша назар аударылды.

Жұмысты жүйелі үйлестіру мақсатында құрамына орталық және жергілікті атқарушы органдардың, салалық кәсіпорындар мен ғылыми қауымдастық өкілдері кірген ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Желтоқсанның ортасына қарай Су ресурстары және ирригация министрлігі бекіткен суару суы шектерін ескере отырып, негізгі өңірлердегі егіс алқаптарын пайдалану жоспарлары мақұлданды.

— Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде осы жылы қолжетімді су ресурстарымен, егіс құрылымын теңгеруге қол жеткізілді. Атап айтқанда, күріш алқабы 20,2 мың гектарға, атап айтқанда, Қызылорда облысында — 10,9 мың га, Түркістан облысында — 7,4 мың га, Алматы облысында — 1,9 мың гактарға қысқарды. Бұл шаралар маусымдық су тұтынуды едәуір қысқартуға мүмкіндік береді, — делінген АШМ хабарламасында.

Мақта алқабының жалпы көлемі 162,4 мың гектар, оның шамамен жартысы яғни, 79,8 мың гектары тамшылатып суаруға көшіріледі. Бұл технологияны 29,8 мың гектарға кеңейту және дәстүрлі суару әдістерін 12 мың гектарға қысқарту суды үнемдеумен қатар өнімділікті арттыруға жол ашады.

Қаңтар айында Алматы облысы мен Жетісу өңірінің аграрлық сала өкілдерімен өткен қосымша кеңестер әртараптандыру бағытының жалғасатынын және заманауи агротехнологияларды енгізу жұмыстарының күшейтілетінін растады. Осылайша, экономикалық тиімділік пен табиғи ресурстарды орнықты пайдалану арасындағы тепе-теңдікке негізделген маусымдық су тұтынудың жаңа моделі қалыптасып жатыр.

Айта кетелік ауыл шаруашылығында бірыңғай цифрлық экожүйе құру мәселесі қаралды

Соңғы жаңалықтар