Елде мерзімі өткен атқарушылық өндірістер бойынша тыйымдар мен шектеулер автоматты түрде алынады
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы «Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Құжат атқарушылық іс жүргізу жүйесінің тиімділігін арттыруға, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге, мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіруге және сот орындаушыларының жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Заңда атқарушылық құжаттардың уақытылы әрі әділ орындалуын қамтамасыз етуге, әкімшілік кедергілерді азайтуға және мәжбүрлеп орындату рәсімдерінің ашықтығын арттыруға арналған бірқатар шаралар қарастырылған.
Атап айтқанда, ұсыну мерзімі өтіп кеткен атқарушылық құжаттар бойынша қолданылған барлық мәжбүрлеп орындату шараларын автоматты түрде алып тастау тетігі енгізіледі.
Сонымен қатар жеңілдетілген атқарушылық іс жүргізу қолданылатын жағдайлардың ауқымы кеңейтіледі. Оның шекті мөлшері 20 айлық есептік көрсеткіштен 40 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылады.
Құжатта қолданыстағы жеке сот орындаушыларының кәсіби құзыреттілігін бағалау мақсатында оларды аттестаттаудан өткізу де көзделген.
Түзетулерге сәйкес, уәкілетті орган заңнамада белгіленген жағдайларда жеке сот орындаушыларын лицензиясынан айыру құқығына ие болады. Ал аумақтық әділет органдары бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар енгізе алады.
Заңдағы тағы бір жаңашылдық — сот орындаушыларының әрекеттері мен шешімдеріне шағымданудың міндетті сотқа дейінгі тәртібін енгізу.
Заңды іске асыру атқарушылық іс жүргізуге қатысушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға, сот орындаушылары қызметіндегі заңдылық пен тәртіпті нығайтуға, сондай-ақ еліміздегі мәжбүрлеп орындату жүйесінің тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Қазақстанда жеке сот орындаушыларына борышкерлерді тұрғын үйден шығару туралы кемінде 10 күн бұрын хабарлау міндеті енгізілетінін жазғанбыз.