Елде мұнай-газ химиясының бес ірі жобасы іске асырылады

АСТАНА. KAZINFORM – Жол картасы аясында жалпы инвестиция көлемі шамамен 12 млрд АҚШ доллар болатын бес флагмандық жобаны іске асыру, 20 мыңға дейін тұрақты және уақытша жұмыс орнын құру, шикізатты ішкі тұтыну көлемін кеңейту, өндіріс пен экспорттық әлеуетті арттыру көзделген.

Елде мұнай-газ химиясының бес ірі жобасы іске асырылады
Фото: Энергетика министрлігі

Астанада «Орталық Азия мен Каспий өңірінің мұнай-газ химиясы және мұнай өңдеуі» атты 13-ші бизнес саммит аясында «Стратегиялық көкжиектер: энергетикалық егемендік және мұнай-химия саласын дамыту» тақырыбында пленарлық сессия өтті. Сессия барысында Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласын дамытудың перспективалары талқыланды.

Энергетика министрлігінің Мұнай-газ химиясы департаментінің директоры Темирлан Уркумбаев мұнай-газ химиясы өнеркәсібі экономиканың өңдеуші секторын дамытудың перспективалы бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Мұнай-газ химиясы саласын дамыту жөніндегі міндеттерді практикалық іске асыру мақсатында Энергетика министрлігі 2024 жылғы қазанда 2024–2030 жылдарға арналған мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамыту жөніндегі Жол картасын бекітті. Құжат алты негізгі бағыт пен 34 іс-шараны қамтиды.

Жол картасы аясында жалпы инвестиция көлемі шамамен 12 млрд АҚШ доллар болатын бес флагмандық жобаны іске асыру, 20 мыңға дейін тұрақты және уақытша жұмыс орнын құру, шикізатты ішкі тұтыну көлемін кеңейту, өндіріс пен экспорттық әлеуетті арттыру көзделген.

Инвесторлар үшін ұзақ мерзімді әрі болжамды жағдай қалыптастыруға ерекше назар аударылуда. Осыған байланысты Энергетика министрлігі «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасын әзірледі. Қазіргі уақытта заң жобасы Қазақстан Республикасы Құрылтайының қарауында.

Заң жобасы саланы реттеудің кешенді жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Құжатта шикізат базасын қамтамасыз ету, ішкі нарықты дамыту, жеткізілімдерді жүйелі жоспарлау және саланы мониторингтеу, шикізат бағаларын реттеу, сондай-ақ инвестициялық жобаларды мемлекеттік қолдау тетіктері қарастырылған.

Мемлекеттік қолдаудың негізгі құралдарының бірі ретінде «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы қала береді. Оның аумағында полипропилен, полиэтилен және бутадиен өндірісін қоса алғанда, ірі мұнай-газ химиясы жобаларын іске асырып жатқан 19 қатысушы тіркелген.

Қазақстанда жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін жобалық қуаты бар «Kazakhstan Petrochemical Industries» ЖШС жұмыс істейді. 2025 жылы кәсіпорын 375 мың тонна өнім өндірді.

Жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт салу жобасы іске асырылуда. Кәсіпорынды 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Сонымен қатар болашақ полиэтилен зауытын қажетті шикізатпен қамтамасыз ететін газ сепарациялау кешенінің құрылысы жүргізілуде. Кешенді де 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Бұдан бөлек, елімізде жылына 339 мың тоннаға дейін бутадиен және 880 мың тонна карбамид өндіретін жобалар іске асырылуда.

Осылайша, Қазақстанда шикізатпен қамтамасыз етуден және базалық мұнай-газ химиясы қуатын қалыптастырудан бастап, қайта өңдеу өндірістерін дамытуға дейінгі толыққанды өндірістік тізбек қалыптасып келеді.

Айта кетелік ОПЕК+ елдері қазандағы мұнай өндіру көлемін өзгеріссіз қалдырған еді.