Елде өкпе обырын жасанды интеллект арқылы анықтауға не кедергі
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов өкпе обырын ерте анықтау және осыған қатысты скринингтен өткізуге отандық жасанды интеллект жүйесін іске қосу жұмысына қатысты түсінік берді.
Еске салсақ, Құрылтай депутаты Сергей Пономарев Қазақстанда өкпе обырын ерте анықтау және скринингтен өткізу үшін отандық жасанды интеллект жүйесін іске қосуды ұсынды. Осы орайда ол биыл қыркүйек айында Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, онда елімізде скринингтен өткізуге арналған жасанды интеллект негізіндегі жүйе әзірленгенін атап өтті.
— Тиісті бұйрыққа сәйкес, жаңа технологияны енгізу үшін оның клиникалық тиімділігін, қауіпсіздігін және экономикалық дұрыстығын бағалауды жүргізу қажет. Содан кейін шешім қабылдау үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға есеп беру талап етілген. 2024 жылы Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссия LungCancerCT технологиясына (Forus Data ЖШС) қатысты денсаулық сақтау технологияларын бағалау іс-қимылдарын жүзеге асырды. Дәлелдемелік базаның жеткіліксіздігіне байланысты, аталған технологияның клиникалық тиімділігін растайтын зерттеу деректері мен нәтижелері алынғанға дейін оны енгізуді кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды, — делінген Олжас Бектеновтің Құрылтай депутатының сауалына берген жауабында.
Оның айтуынша, екі жыл өткеннен кейін де әзірлеуші (Forus Data ЖШС) компания технологияның тиімділігіне қатысты жүргізілген клиникалық зерттеулер туралы деректерді ұсынған жоқ.
— Атап айтқанда, Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссияның оң қорытындысынсыз бұл технологияны медицина саласында тәжірибе жүзінде енгізу мүмкін емес. Өйткені расталмаған жүйені пайдалану халық денсаулығына қауіп төндіреді, — деді Премьер-министр.
Сонымен қатар, Үкімет өкпе обыры бойынша скринингті кезең-кезеңімен, соның ішінде заманауи цифрлық шешімдерді қолдану арқылы енгізу бойынша тиісті шара қабылдап жатыр.
Осы мақсатта Денсаулық сақтау министрлігі тиісті бұйрыққа өзгерістер енгізді. Бұл тұрғыда 2027 жылы Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Ұлытау облысында төмен дозалы компьютерлік томографияны қолдану арқылы пилоттық скринингті өткізу жоспарланған.