Елде цифрлық таңбалау арқылы 5,6 млн қорап контрабандалық темекі анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде темекі өнімдерін міндетті цифрлық таңбалау енгізілгелі бері акциздер мен салық түсімдері 2,5 есе артқан. Сонымен қатар жүйе 5,6 млн қорап контрабандалық темекіні анықтады. Бұл туралы Астанада өткен Digital Tañba форумында ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тауарларды цифрлық трансформациялау және таңбалау департаменті директорының орынбасары Әсет Өтеғалиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, цифрлық таңбалаудың тиімділігін бірнеше жылдан бері міндетті талап енгізілген тауар санаттарының нәтижесінен көруге болады. Олардың қатарында темекі өнімдері, аяқкиім және дәрілік заттар бар.
Атап айтқанда темекі өнімдерін міндетті таңбалау енгізілгеннен кейін осы тауар санатынан түсетін салық түсімдері мен акциз көлемі 2,5 есе өскен. Бұған қоса жүйе DataMatrix цифрлық коды жоқ контрабандалық темекіні анықтауға көмектеседі. 2021 жылы осындай 2,5 млн қорап өнім анықталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 5,6 млн қорапқа жеткен.
— Бұл цифрлық таңбалаудың контрабандалық өнімді анықтауға көмектесетінін көрсетеді. Алайда контрабанда көлемі артты деген сөз емес. Ол бұрынғы деңгейде болған. Цифрлық таңбалаудың арқасында заңсыз өнімдерді анықтай бастадық. Соның нәтижесінде салық түсімдерінің өскенін де байқадық, — деді Әсет Өтеғалиев.
Оның айтуынша, аяқ киім нарығында да оң өзгеріс бар. Цифрлық таңбалау енгізілгеннен кейін осы тауар санатынан бюджетке түсетін салық көлемі бұрынғы кезеңмен салыстырғанда үш есе артқан.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, цифрлық таңбалау тауардың өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап, соңғы сатылым нүктесіне дейінгі қозғалысын бақылай алады.
Еске салайық, бұған дейін Президенттің көмекшісі Қуанышбек Есекеев цифрлық таңбалауға жататын тауарлар тізімі кеңейіп жатқанын айтқан еді.