Елдегі 196 алпауыт кәсіпорыннан 1,4 трлн теңге салық түспей жатыр — сенатор

АСТАНА. KAZINFORM — Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында елдегі ірі кәсіпорындардың төлейтін салығы азайып бара жатқанына алаңдайтынын айтты.

Салық жеңілдіктерін қысқартсақ, бюджетке 3,4 трлн теңге түсер еді
Фото: Дияр Бексұлтанов

— Өтіп кеткен жылдың бюджет нәтижесін қарамай, ол жердегі кемшіліктерді ескермей келер жылдың бюджетін қарай салу дұрыс емес. 2024-2026 жылдардың бюджетін нақтылаған кезде көңіл толмайтын бір мәселе болды. Кірістер мен шығыстарды бекіткен кезде 3,1 трлн теңге салық азайып, салдарынан салық түсімі 12,7 трлн теңге болып қалды. Енді сол 3,1 трлн теңгенің орнын жабу үшін Ұлттық қордан, басқа да көздерден қаржы алдық. Ұлттық қордан алған жалпы қаражаттың көлемі 6,1 трлн теңге болды, — деп еске алды депутат.

Сенатор бюджет тапшылығына елдегі алпауыт кәсіпорындардың да қатысы бар екенін айтады.

Салық жеңілдіктерін қысқартсақ, бюджетке 3,4 трлн теңге түсер еді
Фото: Дияр Бексұлтанов

— Мұнай өндіру көлемінің азаюы салдарынан 200 млрд теңге салық түспей қалды. Сыртқы сауданың азаюынан 300 млрд теңге салық түспей қалды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша қосылған құн салығының қарызы 595 млрд теңге болған. Осылайша 1 трлн теңге мына жақтан (Ұлттық қордан-ред) шығып жатыр. Елде 196 ірі кәсіпорын бар. Соларда 1,4 трлн салық тағы түспей қалды. Оның себебін сұрадық. Негізгі себебін өткізетін түрлі-түсті металдың құны түсіп кеткенімен байланыстырды. Қазір осы мәселенің келесі жылда қайталанбауы үшін не істеу керектігін қарап жатырмыз, — деді Сұлтанбек Мәкежанов.

Еске салайық, 2025 жылы елдегі бюджет тапшылығы 4,1 трлн теңге деп айқындалған болатын.