Елдегі 22 әуежай қай елдің инвесторларына беріледі – министр жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында елдегі 22 әуежай қай елдің инвесторларына сенімгерлік басқаруға берілетінін айтты.

Әуежай
Фото: Kazinform

«Жыл басында Еуропа-Орталық Азия көлік логистикалық инвестиция форумында Қазақстан 22 әуежайды инвесторлардың басқаруына беруге дайын екенін айтқан едіңіз. Тізімнің басында қай қаланың әуежайлары тұр және қай елдің инвесторларына берілді? Ресейлік инвесторлар келсе, әуежайлардың санкцияға тап болмайтынына кім кепіл бола алады?» - деп сұрады журналист.

Көлік министрі әзірге ресейлік инвесторлардан ұсыныс түспегенін айтады.

«Біз сіз айтқан 22 әуежайдың баршасына кезең-кезеңімен шетелдік инвесторларды тартып отырмыз. Мысалы, Алматыдағы әуежайды Түркия мен Францияның инвесторлары басқаруға алды. Астана әуежайын Біріккен Араб Әмірліктерінің компаниясы сенімгерлік басқаруға алғаны өздеріңізге мәлім. 

Тараз бен Шымкенттегі екі әуежай отандық инвестор, яғни, Scat әуе компаниясы иесінің сенімгерлік басқаруына берілді. Ақтаудағы әуежай түркиялық инвесторға берілді. Дәл осындай әр әуежай бойынша түрлі инвесторды тартып жатырмыз. Атыраудағы әуежайға қатарлық үлкен әуежай кіріп отыр. Олар 2026 жылға дейін мүлде жаңа аэровокзал салуды жоспарлап отыр», - деді ол.

Ведомство басшысы Қазақстанның әуежай нарығына келетін шетелдік компаниялардың санкцияға ілігу ықтималдығы міндетті түрде ескерілетінін айтты. 

«Ресей компанияларының тарапынан қызығушылық болса, әр компаниямен жеке-жеке жұмыс істейміз. Бұл жерде әуежай стратегиялық нысан болғандықтан сенімгерлік басқаруға кім алса да, әрқашан мемлекет бақылауында болады. Сенімгерлік басқаруға беруден бұрын да мемлекет әр компанияның мүмкіндігіне жеке-жеке талдау жасайды. Соның негізінде соңғы шешім қабылдайды. Яғни, қандай негізде және қандай келісімшарт бойынша басқаруға берілетіні зерделенеді. Осы уақытқа дейін ресейлік компаниялардан нақты ұсыныс түскен жоқ», - деді Марат Қарабаев.