Елдегі барлық ұшу-қону жолақтары мен терминалдар жаңартылады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы әуе жүк тасымалының маңызды буынына айналуды көздеп отыр. Осы мақсатта әуежайлардың ұшу-қону жолақтары мен жолаушылар терминалдары жаңартылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, Еуропа мен Азия арасындағы әуе арқылы транзиттік тасымалды дамыту үшін әуежай инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары іске асырылуда.
– Үш жыл ішінде барлық ұшу-қону жолақтары мен жолаушылар терминалдары жаңартылады. Негізгі авиациялық хабтар айқындалып, оларда еркін экономикалық аймақ режимі енгізілді. Сонымен қатар жанармай құю кешендері мен жүк терминалдарын жаңғырту, сондай-ақ оларға теміржол және автомобиль жолдарын тарту жұмыстары жүргізілуде, – деді Талғат Ластаев.
Сонымен бірге, әуе қозғалысын басқаруға қажетті аэронавигациялық қамтамасыз ету жүйесін заманауи талаптарға сай жаңғырту басталды.
Кеше Президент Қ. Тоқаев Қазақстанның транзиттік әлеуетін сынға алған еді.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда 2030 жылға дейін тағы 21 логистикалық орталық салу жоспарланып отыр.
Ал Арал-Каспий автожолы 2028 жылы салынып бітеді.