Елдегі локомотивтер қаншалықты тозған

АСТАНА. KAZINFORM – Елдегі жүк айналымының 60 пайызға жуығы теміржолға тиесілі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлім етті.

поезд локомотив
Фото: ҚТЖ

- Соңғы бес жылда көлік және қоймалау қызметінің көрсеткіштері 2 жарым есеге артып, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 12,2 трлн теңгені құрады. Бұл – инфрақұрылымды жаңғырту, халықаралық көлік дәліздерін дамыту, тасымал көлемін арттыру бағытында атқарылған жұмыстың нәтижесі. Қазақстандағы жалпы жүк айналымының 57 пайызын теміржол көлігі құрайды, сондай-ақ теміржол көлік саласындағы жалпы қызметтің үштен бірін қамтамасыз етеді. Теміржол көлігі экспорт пен транзитті тиімді жүзеге асырады. Сондықтан ел экономикасындағы стратегиялық маңызы зор, - деді Н. Сауранбаев. 

Теміржол саласында негізгі үш бағыт бар. Олар – локомотивтер мен вагондар паркі, және магистральды теміржол.

- Бұл элементтерді дамыту үшін жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр, яғни өткізу қабілетін көбейту және болашақтағы сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік беру. 2014-2019 жылдары локомотив сатып алу көлемінің төмен болуына байланысты парктегі тапшылық байқалды. Кейінгі жылдары локомотивтер паркін жаңарту бойынша ауқымды бағдарлама іске асырылды. 2028 жылға дейін отандық өндірістегі жаңа локомотивтерді жеткізу жалғасады. Қазіргі кезде локомотивтер паркі тасымалдау қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отыр, - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде локомотивтердің тозу деңгейі 74 пайыздан 49 пайызға дейін төмендеді. Қазіргі уақытта локомотивтерді пайдаланудың орташа мерзімі 30 жылдан 21 жылға дейін қысқарды. Сонымен қатар, локомотивтердің техникалық жағдайы жақсарып, дизель шығыны біраз қысқарды.

- Әлемдегі жетекші өндіруші Wabtec мәліметі бойынша ҚТЖ-ның локомотивтері 93 мемлекеттің арасында ең тиімді деп есептеледі. Өндірісті және сервисті локализациялауға ерекше назар аударылған. Бұл жұмыстар отандық өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға оң әсерін тигізеді, - деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында республика бойынша 124 вокзалды жаңғырту жұмысы басталған болатын.