Елдегі су қоймалары мен қалалардың цифрлық сыңары жасалады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда су ресурстарын басқарудан бастап, көлік қозғалысы мен бюджет шығынын бақылауға дейінгі бірқатар сала цифрландырылып жатыр. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкіметте баяндады.
Министрдің мәліметінше, Президент тапсырмасымен Су ресурстарын басқарудың ұлттық цифрлық жүйесі әзірленді. Онда су алуға өтінім беруден бастап, ақысын төлеуге дейінгі процестер автоматтандырылған. Қазір бес су қоймасының цифрлық сыңары жасалды. 2027 жылдың соңына дейін бұл жүйемен барлық су қоймасын қамту жоспарланып отыр.
Келер жылы ауыл шаруашылығын цифрландыруға да басымдық беріледі. Атап айтқанда, 2027 жылы Smart Data Agro жобасын іске қосып, Smart Farm технологияларын енгізу көзделген.
— Көлік саласын цифрландырудағы мақсатымыз – ішкі және халықаралық тасымалда қағаз құжаттардан толық бас тарту. Қазір электрондық рұқсаттар мен жүк құжаттарына қатысты жобалар іске асырылып жатыр. Бірқатар елмен пилоттық жобалар қазірдің өзінде іске асып жатыр, — деді Ж.Мәдиев.
Қаржы саласында негізгі төрт цифрлық жүйені жаңғырту көзделген. Бұл мемлекеттік қаржыны жоспарлауға, бюджетті атқаруға, есеп пен аудитті біртұтас цифрлық экожүйеге біріктіруге мүмкіндік береді. Ал жасанды интеллект бюджет қаражатының негізсіз әрі тиімсіз жұмсалуына жол бермеуге көмектеседі.
— Астанада енгізілген шешімдер негізінде басқа қалалардың да цифрлық сыңарлары жасалып жатыр. Елордада жолдар мен инфрақұрылымның цифрлық картасы әзірленіп, интеллектуалды бейнебақылау жүйесі, коммуналдық желілердің жай-күйін бақылау, көлік ағындарын басқару және ЖИ негізіндегі талдау құралдары енгізілген. Мұндай технологиялар апат қаупін алдын ала анықтауға, көлік қозғалысын оңтайландыруға, қауіпсіздікті күшейтуге және қалалық қызметтердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, — деп атап өтті министр.
Қазір бұл шешімдер өзге қалаларда да қолданысқа енгізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмысқа алғашқылардың бірі болып Алматы қосылды. Сонымен қатар Шымкент пен басқа да облыс орталықтарында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаражатын жоспарлау мен басқару сапасын арттырып, негізсіз шығындардың алдын алу үшін ЖИ технологияларын пайдалануды ұсынды.
Сонымен бірге, Қ.Тоқаев Қазақстанның транзиттік әлеуетін сынаған еді.