Елдегі ұялы байланыс операторларына 7 млрд теңге айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM — 2022–2023 жылдардан бастап Қазақстандағы ұялы байланыс операторлары қызмет көрсету сапасы талаптарын орындамағаны үшін шамамен 7 млрд теңге көлемінде айыппұлға тартылды. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингіде Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты.

Қазақстанда ұялы байланыс қанша тұрады
Фото: Kazinform\ЖИ

Министрдің айтуынша, мемлекеттік радиожиілік қызметі байланыс сапасын өлшеу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп отырады. Сондай-ақ, азаматтардан «e-Otinish» платформасы немесе ресми арналар арқылы келіп түскен шағымдар негізінде тексерулер ұйымдастырылады.

— Егер операторлар анықталған мәселелерді белгіленген мерзім ішінде шешпесе, онда мұндай жағдайда айыппұл салуға мәжбүр боламыз. 2022–2023 жылдардан бері ұялы байланыс операторларына шамамен 7 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл қаражат мемлекеттік бюджетке түседі, – деп түсіндірді Жаслан Мәдиев.

Ол нарықтағы орнына қарамастан, заң талаптары барлық операторға бірдей қолданылатынын атап өтті.

Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін 3G-ден толық бас тартады.