Елдегі зауыттар қай көлік брендтерін көбірек шығарып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Биылғы тоғыз айда Қазақстанда автоөнеркәсіп саласы 34,2 пайызға өсті. Бұл туралы «Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) мәлім етті.
Алдын ала деректері бойынша 2026 жылғы қаңтар-қыркүйекте Қазақстанда 146 541 автокөлік техникасы жасалды. Бұл былтырғы сәйкес кезеңдегіден (109 223) 34,2 пайызға көп. Қыркүйекте қазақстандық кәсіпорындар 20 215 техника шығарды, бұл көрсеткіш 2025 жылғы қыркүйекке (13 021) қарағанда 55,2 пайызға, ал биылғы тамызбен (15 267) салыстырғанда 32,4% артық.
— Тоғыз ай қорытындысы бойынша Қазақстандағы автоөнеркәсіп жоғары даму қарқынын сақтап тұр. Сала инвестицияға қолайлы: өндірушілер Қазақстандағы орнын нығайтып, жаңа жобаларын жүзеге асырып жатыр. Олардың арасында Алматыда OMODA және JAECOO автокөліктерін өндіру жобалары және Қостанайда Li Auto автокөліктерін шығаруға дайындық бар. Күзде локализацияны дамыту бойынша көптеген келісімге қол қойылды. Технологиялық операцияларды тереңдету мен ел ішінде автокомпоненттер өндірісін кеңейту автоөнеркәсіптің Қазақстан экономикасына қосатын үлесін мығым етеді әрі арттырады, — деп түсіндірді ҚАО президенті Анар Мақашева.
Қай брендтер көп құрастырылды?
Тоғыз ай қорытындысы бойынша Қостанайдағы Allur («СарыарқаАвтоПром») зауыты 56 130 техника шығарды. Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan Changan, Chery және Haval брендтерінің 40 245 автокөлігін құрастырды. Hyundai Trans Kazakhstan кәсіпорны — 27 305, Kia Qazaqstan зауыты 13 782 автокөлік шығарды.
Одан бөлек, тоғыз айда «СемАЗ» — 2 293, QazTehna — 2 014, Hyundai Trans Auto — 998, «КАМАЗ-Инжиниринг» — 804, Orbis Machinery — 433, Daewoo Bus Kazakhstan — 379, « ОралАгроРемМаш» 158 техника жасады.
Анағұрлым көп шыққан брендтер ондығына Chevrolet (29 555 көлік), Hyundai (27 275), Kia (17 712), Changan (15 148), Chery (12 593), Haval (10 955), Jetour (6 907), JAC (4 753), Geely Galaxy (3 378) және MG (2 497 көлік) кірді.
Атап айтқанда, модельдер қатарында Chevrolet Cobalt (27 659 автокөлік), Hyundai Tucson (10 522), Kia Sportage (7 139), Hyundai Mufasa (6 743) және Changan CS35 Max (5 296) көш бастады.
Биыл 190 мың автокөлік шығарылады
Осы жылы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев автокөлік өндірісі саласының қарқынды дамып келе жатқанын мәлімдеді.
— Соңғы 5 жылда салаға 457 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. Өткен жылы 171 мыңнан астам автокөлік шығарылып, өндіріс көлемі 18%-ға артты. Бұл оң динамика биыл да сақталып отыр. Осы жылдың 6 айында 94 400 көлік шығарылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 35%-ға жоғары. Биылғы жоспар — өндіріс көлемін 11%-ға арттырып, 190 мың көлік шығару. Жалпы биыл автомобиль шығару саласы 131,1%-ға өсті, — деді Ерсайын Нағаспаев.
Министрдің мәлімдеуінше, отандық автомобиль өнеркәсібін одан әрі дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында министрлік негізгі бағыттарды айқындады. Олар:
— Локализация деңгейін одан әрі арттыру. Ол үшін негізгі басымдық — жаңа автокомпоненттер өндірісін игеруге және отандық кәсіпорындарды әлемнің жетекші автокөлік компанияларының өндіріс тізбектеріне енгізу жоспарланып отыр.
— Халық үшін автокөліктің қолжетімділігін арттыру. Осы мақсатта автонесиелеу мен лизинг тетіктерін жетілдіру, оның ішінде борыштық жүктеме коэффициентін алып тастау және жеке тұлғаларға арналған автолизингті дамыту көзделген.
— Электр және гибридті көлік құралдары өндірісін дамыту, сондай-ақ оларды пайдалануға қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру. Бұл зарядтау станциялар желісін кеңейтуді, пилотсыз көлік технологияларын қолдану үшін қажетті жағдайлар жасауды қамтиды.
— Меншікті зертханалық базаны құру. Бұл автокөлік пен автокомпоненттердің техникалық талаптарға сәйкестігін ел ішінде растауға, жаңа өнімдерді нарыққа жедел шығаруға және отандық өндірістің дамуына ықпал етеді.
Бұған дейін Қазақстанда электромобильді сатып алу қарқыны артқанын жазған едік.