Елдегі 527 гидротехникалық нысанды жөндеу қажет – Экология министрі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан аумағындағы 1823 гидротехникалық нысанның 527-сі жөндеуді қажет етеді. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Үкімет оырысында осындай дерек келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елдегі 527 гидротехникалық нысанды жөндеу қажет – Экология министрі

«Республика аумағында 1823 гидротехникалық тірек құрылысы бар. Осы жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша 1646 гидротехникалық құрылыс тексерілді. Олардың ішінен 527 нысан жөндеуді қажет ететіні анықталды. Оның 396 коммуналдық меншікте.

Жөндеуді қажет ететін гидротехникалық құрылыстардың ең көбі Қарағанды облысында орналасқан.

Гидротехникалық құрылыстардың барлық меншік иелеріне тасқын суларды қауіпсіз өткізу және қажетті инертті материалдар мен техниканы дайындау үшін тиісті іс-шараларды жүргізу туралы ұсынымдар жіберілді», - деді ведомство басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, су басу қаупін жою үшін министрлік апаттық жағдайдағы 41 су қоймасы мен гидротехникалық нысанды қайта күрделі жөндеуге берген.

«Соңғы 5 жылда 16 нысан қалпына келтірілді. Нәтижесінде 120 мыңнан астам халқы бар 16 ауылдық елді мекендерде су басу қаупі жойылды», -деді Серікқали Брекешев.