Елдегі дін саласы қызметкерлері зияткерлік қабілеттерін көрсету үшін сайысқа түспек

АСТАНА. 2 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Қазақстан Мұсылмандарының діни басқармасы дін саласы қызметкерлерінің арасында «ХХІ ғасыр имамы» зияткерлік сайысын өткізеді. Бұл туралы ҚМДБ-ның ресми сайтында хабарланды.
None
None

«Бүгінгі ғаламды жайлаған жаһандану дәуірінде асыл дінімізді жалпы халыққа насихаттау ісімен айналысатын имам-молдалар мен дін қызметкерлеріне қойылар талап өте үлкен. Имам-молдалар тек жалаң діни біліммен шектелмей, бүгінгі заманның жаңа технологияларын, әлемдік техника мен индустрия жетістіктерін де терең меңгерген, жан-жақты біліммен қаруланған бесаспап дін мамандары болуға тиіс», - дейді ҚМДБ-ның аппарат жетекшісі Балғабек Мырзаев.

«ХХІ ғасыр имамы» зияткерлік сайысын өткізу идеясы ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазретке тиесілі.

Сайыс алдағы таяу уақытта алдымен, Алматы қаласында қызмет етіп жүрген имамдардың арасында, одан кейін ел өңірлерінде өткізіледі деп күтілуде. ҚМДБ «Нұр-Мүбарак» университетінің студенттері мен облыстардағы діни медреселер шәкірттерінің де зияткерлік деңгейлерін байқап көрмек.

Сайыс имамдардың интелектуалдық деңгейін, діни білімін көтеруге, шешендік қабілетін арттыруға, ислам дінін насихаттаудың жаңа әдіс-тәсілдерін үйретуге бағытталмақ.

Сайысқа түсетін имамдар фиқһ, ақида, тарих салалары бойынша арнайы дайындалған тест сұрақтарына жауап береді, сол жерде таңдалған тақырып бойынша 4-5 минуттық уағыз айтады, берілген аят-хадистермен мазмұндас қазақ мақал-мәтелдері мен ақын-жыраулардың өлең шумақтарын жатқа айтады. Сондай-ақ арнайы мамандар қоятын видео сұраққа жауап береді. Имамдардың емтихан тапсыру сәттерін қазақстандықтар алдағы уақытта телеарналардан көре алады.

Соңғы жаңалықтар