Елдегі емханаларда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсететін жаңа штаттар ашылды - вице-министр

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - «Саламатты Қазақстан» бағдарламасына сәйкес барлық медициналық мекемеде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсететін жаңа штаттар ашылды.

Елдегі емханаларда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсететін жаңа штаттар ашылды - вице-министр

Бұл туралы бүгін Астанада гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған республикалық кеңесте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов мәлім етті.

Е.Байжүнісов атап көрсеткендей, 2009 жылы Қазақстанда әйелдерге қатысты жәбір көрсетудің 34,5 мың фактісі тіркелген. 2008 жылы ол - 35 мың болды. «Төмендеу үдерісі байқалғанымен, елде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың деңгейі жоғары күйінде қалып отыр», - дейді ол.

Әйелдерге күш көрсету қылмыстарының жалпы санының 39 пайызы - тонау, 6 пайызы - қарақшылық, 14,5 - зорлық-зомбылық, 5,4 - денеге орташа деңгейде зақым келтіру және 4,2 пайызы - өлтіру фактілері болды.

«Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасына сәйкес, егер 2010 жылы емдеу мекемелеріне әртүрлі дене жарақаттарымен 27 мың адам қабылданған болса, соның 35 пайызы - әйелдер. Оның 4 пайызында зақымдар криминалдық сипатта, 2 пайызында жарақаттарды жақын туыстары жасаған. Бұл тек ресми түрде тіркелгендердің статистикасы», - деді вице-министр.

Е.Байжүнісовтың айтуынша, денсаулық сақтау ұйымдары - әйелдер көмекке жүгінетін бірінші мекеме. Сондықтан 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында әрбір емханада психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің штаттары ашылды.

«Қазіргі уақытта қызметкерлерді жұмысқа қабылдау жүріп жатыр. Бір жыл бойы оларды оқытып, біліктілігін арттырамыз», - деді ол.