Елдегі қазақтардың саны 11 миллионнан асты - ҚР Статистика агенттігі

АСТАНА. 15 мамыр. ҚазАқпарат - ҚР Статистика агенттігі 2013 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қазақтардың саны 11 001 739 адамға жеткенін хабарлады.

Елдегі қазақтардың саны 11 миллионнан асты - ҚР Статистика агенттігі

Агенттік статистикалық әдістемеге сәйкес 11 миллионыншы қазақты анықтау үшін «Халықтың табиғи қозғалысы» мәліметтер базасында іздеу жүргізді.

2012 жылдың 28 желтоқсанында дүниеге келгендердің жалпы саны ішінде екі сәби дәл туған күндерінде Азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) органдарында тіркелген. Олардың арасынан 11 миллионыншы қазақ - ұл бала анықталды. Ол анасының 4-ші сәбиі және дәл туған күнінде АХАТ органдарында тіркелген. Жаңа туған нәрестенің аты-жөні Мұхтар Әбдірайым. Шақалақ 2012 жылдың 28 желтоқсанында туып, ОҚО Қазығұрт аудандық АХАТ органдарында тіркелген.

2013 жылдың 1 сәуіріндегі мәліметке сүйенсек, еліміз халқының нақтыланған саны 16 967 мың адамды құрайды. Олардың ішінде қазақтар 11 058 адамды немесе 65,2 пайызды,  орыстар 3 698 мың адамды (21,8%), өзбектер 511 мың адамды (3%), украиндар 306 мың адамды (1,8%), ұйғырлар 243 мың адамды (1,4%), татарлар 203 мың адамды (1,2%), немістер 182 мың адамды (1,1%) және басқа ұлт өкілдері 766 мың адамды (4,5%) құрап отыр.