Елдегі көлік медицинасын дамыту мәселелері талқыланды - Үкімет жанындағы Ұлттық Үйлестіру кеңесінің отырысы

АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат -   Бүгін вице-премьер Ербол Орынбаевтың төрағалығымен ҚР Үкіметі жанындағы Денсаулықты қорғау жөніндегі Ұлттық Үйлестіру кеңесінің XVII отырысы болды.
None
None

 Жиында Қазақстандағы көлік медицинасын дамыту мәселелері талқыланды,- деп хабарлады  Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

 Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан халыққа, әсіресе алыстағы аудандарда өмір сүретін тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға үлкен көңіл бөлінуде.

 Өткен жылы санитарлық авиация бойынша республикалық үйлестіру орталығы құрылып, алғашқы ұшырылым 2011 жылдың 12 шілдесінде жүзеге асырылды. Жалпы алғанда, былтыр 323 ұшырылым жасалып, 385 науқасқа медициналық көмек көрсетілді, 500-ге тарта түрлі мамандықтағы дәрігерлер тартылды. Ал 2012 жылдың 4 айы ішінде 220 ұшырылым жүзеге асырылып, 300-дей дәрігерлік көмек көрсетілді.

 Айта кету керек, ағымдағы жылы Қазақстанда өндірілген алты ЕС-145 тікұшағын сатып алу жоспарланған. Мамыр айында Ка-32 тікұшағы жеткізілді. 

  2011 жылы ҚР Денсаулық сақтау, Көлік және коммуникация, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктері бірлесіп, республикалық маңыздағы апаттар жиі болатын 40 жол телімін анықтады. Аталған жол телімдері көрсетілген Қазақстанның интерактивтік картасы әзірленді. Алматы, Қарағанды, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында алты трассалық медициналық-құтқару тіректерін құру жұмыстары басталып, құрылысын ағымдағы жылы аяқтау көзделіп отыр. 

 Қажетті медициналық және құтқару құралғыларымен жабдықталған алты медициналық-құтқару реанимобильдері сатып алынды. Трассалық медициналық-құтқару тіректерінің барлық бригадалары жол-көлік апаттары кезінде зардап шеккен науқастарға шұғыл медициналық көмек көрсету жұмыстарына кірісіп кетті. Қазірге дейін 54 шақыру түсіп, ауыр жарақат алған 12 адамның өмірін сақтап қалып, орта және жеңіл деңгейде жарақат алған 44 азаматқа қажетті көмектер көрсетілді.           

   Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Денсаулық сақтау және Төтенше жағдайлар министрліктері, «Қазақстан темір жолы» АҚ бірлесіп, «Денсаулық», «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» атты үш емдеу-диагностикалық пойызын іске қосты. «Саламатты Қазақстан» пойызы телемедициналық орталық, тұрақты телефон желісі бар спутниктік байланыс және бүкіл ел аумағын қамтитын кең жолақты интернетті қоса алғанда барлық телекоммуникалық құралдармен жабдықталған.

  2012 жылдың 5 айы ішінде «Денсаулық», «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» емдеу-диагностикалық пойыздары арқылы 38 мың қазақстандыққа, оның ішінде 12,5 мың балаға дәрігерлік көмек көрсетілді.

  Сонымен қатар, 50 жылжымалы медициналық мобильдік кешендер сатып алынып, өңірлерге жеткізілді. Жалпы алғанда жылжымалы медициналық кешендердің мамандары 150 мыңнан астам адамды тексеріп, 170 мыңдай зертханалық-диагностикалық зерттеулер жасады. 

  Отырыста нәтижеге бағытталған, бірлесе атқарылған жұмыстар арқылы ғана алға қойылған мақсатқа жетуге болатыны атап көрсетілді. Басты мақсат - қазақстандықтардың денсаулығын сақтап, өмірлерін қорғау.

Соңғы жаңалықтар