Елдегі өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың басым бөлігі салық төлемейді және олар мемлекеттің сақтандыру шараларынан да тыс қалған - А.Самақова
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстандағы ресми түрде жұмыспен қамтылғандардың арасында өзін-өзі жұмыспен қамтушылар саны 30 пайызды құрайды.
Бұл өте үлкен көрсеткіш. Бұл туралы бүгін Астанада «Алматы қаласы мен Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданының үлгісіндегі халықтың өзін-өзі жұмыспен қамту жағдайы туралы» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел отырысында Мәжіліс депутаты Айткүл Самақова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, елдегі өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың басым бөлігі халыққа түрлі сала бойынша қызмет көрсетеді және сауда жасайды. «Мұндағы басты мәселе, біздің заңнамамызда өзін-өзі жұмыспен қамтушылар деген түсініктің мағынасы жан-жақты ашып көрсетілмеген. Соған қарай аталмыш санатқа қандай азаматтардың жататындығы да жан-жақты түсіндірілмеген. «Тұрғындарды жұмыспен қамту туралы» заңында өзін- өзі жұмыспен қамтушылар дегеніміз «өздігінен пайда тауып өмір сүріп жүргендер, еңбекке қабілетті азаматтар» деген сыңайдағы түсінік беріледі. Ал мемлекеттік статистикаға қажетті құжаттарда бұл анықтама басқаша түсіндіріледі. Басқаша айтқанда, онда өзін-өзі жұмыспен қамтушылар деп еңбекақысы белгілі бір тауарды сатудан немесе белгілі бір қызмет көрсетуден түскен пайдаға байланысты істермен айналысатын азаматтар деп белгіленген», деді депутат.
Сондай-ақ, оның айтуынша, аталмыш құжатта өзін-өзі жұмыспен қамтушылар 4 түрлі топқа бөлініп көрсетілген. Олар жұмыс берушілер мен өздігінен пайда тауып жұмыс істеп жүргендер, еңбегіне ақы төленбейтін отбасының жұмысшылары және өндіріс кооперативтерінің мүшелері. Сондай-ақ депутаттың айтуынша, еліміздің Салық кодексі өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың тек жекелеген топтарын ғана қамтиды. Олар өздерінің кірістерін өз еркімен тіркеп, қосымша құн салығын төлеп, зейнетақы жинақтау қорларына қаржы бөлетін органдар. Сонымен қатар салықпен ресми органдарда тіркелген жеке кәсіпкерлер мен жеке иеліктегі нотариустар мен адвокаттық қызметпен айналысатындарды жатқызуға болады. Бұған қоса, елде тіркелген дипломатиялық өкілдіктерге қызмет көрсететін органдар мен еңбек келісіміне сәйкес қызмет ететін үй қызметкерлерін жатқызуға болады. «Ал өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың басым бөлігі негізінен өздерінің кірістерін де тіркемейді, ешқандай салық та төлемейді. Зейнетақы жинақтау қорларына да қатыспайды. Сөйтіп мемлекеттік сақтандыру шараларынан тыс қалады», деді А.Самақова.
Отырыс барысында жиынға қатысушылар өзін -өзі қамту мәселесіне қатысты осы тектес өзге де бірқатар мәселелерді талқыға салды.