Елдегі су көздерінің ластануына жол бермеуіміз керек ? Қ.Айтаханов
АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Бізге еліміздің аймақтарындағы су көздері мен оның көлемін анықтауға мүмкіндік беретін арнайы карта жасау жағын ойластыру қажет», дейді сенатор Қуаныш Айтаханов.
Бұл туралы ол бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерімен болған кездесу барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бұған келтіретін мысал, әдетте біз белгілі бір аймаққа су жеткізу үшін ондаған шақырым су құбырларын тартып, оған қыруар қаржы жұмсаймыз. Ал тап осы құбыр тартылған аймақтарда су көздері болуы мүмкін. Мұны міндетті түрде арнайы белгіленген жүйе бойынша тексеріп, біліп отыру қажет. Ал бізде бұл мәселе елене бермейді. Бізге қазір тек басқа мүмкіндік болмай қалған жағдайда ғана топтастырылған су жүйелерін пайдалану керек. Ал су шығаруға болатын жер болса, оған құбыр тартып, шығынданудың қажеті қанша?» дейді депутат. Сонымен бірге ол елдегі су қоймалары мен өзен-көлдердің ластану мәселесіне алаңдайтындығын білдірді. Сенатордың мәліметтеріне қарағанда, Оңтүстік Қазақстандағы уран өндірілетін аймақтарда уранның радиациясы бар. Мұндай улы заттар Қызылорда облысында да кездеседі. Сол себепті мұндай аймақтарда құдықтың өзінен су ішуге болмайды. «Сонда тұрғын халық суды қайдан ішеді. Неге біз жерасты суларының ластануына жол беріп отырмыз? Елімізде ластанып жатқан су қорлары да жетерлік. Су комитеті осы мәселенің барлығымен айналысуы керек», деді сенатор.