Елдегі театрлардың барлығы болашақта жеке иелікке өтеді - Президент
sp;АСТАНА. Қарашаның 13-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстан «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырып отырған бірегей мемлекет. Тарихын білмеген елдің болашағы бұлыңғыр. Біз осыған дейін тарихымыз 1917 жылдан басталды деп келдік. Бұл әрине қате пікір.
Біз өзіміздің арғы тарихымызды білуіміз керек. «Мәдени мұра» бағдарламасы сол үшін жолға қойылған шара. Бұл туралы бүгін тікелей желі арқылы жолданған тұрғындардың сауалдарына жауап берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекет басшысының айтуынша, аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін республика бюджетінен 2 миллиард 700 миллион теңге бөлінді. Ал бағдарламаның екінші кезеңіне 4 миллиард теңге салдық. «Соның арқасында тарихи маңызы өте жоғары 35 сәулет ескерткіші, 17 қолданбалы, 30 археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Біз Қазақстан тарихын зерттеу үшін Еуропа мен Қытайға, Иран мен Ауғанстанға және өзге де бірқатар аймақтарға барып, 5 мыңға тарта жәдігерлер тауып, көптеген тарихи мағлұматтардан қанықтық», деді Президент.
Сондай-ақ елімізде 60-қа жуық республикалық және облыстық деңгейдегі театрлар қалыптасып келеді. «Америка Құрама Штаттарында театрлардың барлығы жеке меншікте. Біздің де театрларымыз бірте-бірте дами отырып, өз қамын өзі көретіндей жағдайға жетулері тиіс. Оған әрине уақыт керек. Мемлекет бұл салаға сол үшін де қаражат бөліп отыр. Әрине бұл қаражатты өндіріске салатын болсақ, оның да игілігін көрер едік. Бірақ біз осы дұрыс жол деп шештік. Бұл мемлекеттің қолдауы», деді Мемлекет басшысы.