Елдегі ұлысаралық тұрақтылық Үкіметтің дер кезіндегі және мақсатты түрдегі саясатының арқасында сақталып келеді - А. Чесноков
АЛМАТЫ. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматыдағы славян және казак этникалық бірлестіктері ұлысаралық келісімнің өзекті мәселелеріне араналған дөңгелек үстел өткізді.
Шара барысында өткен жылдың соңында Мәскеуде болған жаппай тәртіпсіздік, Қазақстандағы ұлысаралық жағдай сынды өзекті мәселелер талқыланды.
ҚР-дағы орыс, славян және казак қауымдастығы төрағасының бiрiншi орынбасары Анатолий Чесноковтың айтуынша, өткен жылдың желтоқсанында Мәскеудің Манеж алаңындағы жаппай тәртіпсіздіктер - Қазақстандағы ұлысаралық келісімнің қазіргі саяси үлгісі туралы ойландырады. «Мұндай оқиғалар біздің Үкіметтің дер кезіндегі және мақсатты түрдегі саясатының арқасында орын алмай, елдегі тұрақтылық сақталып келеді», - дейді ол.
Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Рашид Дәулетов әкімдік қаладағы түрлі ұлыстардың келісім, достықта өмір сүріп, тұрақтылығын нығайта түсу үшін көптеген жұмыстар атқарылып жатқандығын айтады. «Елбасының сүбелі саясатының арқасында Тәуелсіздік алған уақыттан бері елдегі ешбір ұлыс өзін жат санаған емес. Тұрақты елде бейбіт әрі тыныш өмір сүру - бұл үлкен бақыт», - дейді Р. Дәулетов.
Аталған жиынға славян және казак этникалық бірлестіктері, күрд, шешен-ингуш және тағы басқа эникалық топтардың басшылары қатысып, Қазақстанда тұратын өзге ұлттардың тату-тәтті, достық қарым-қатынаста өмір сүруі Елбасының көрегендігінің арқасында екендігін баса айтты. Сонымен қатар өскемендіктердің Президенттің өкілеттілігін ұзарту жөніндегі референдум өткізу туралы бастамаларын қуана қолдайтындықтарын білдірді.