Елдегі үш донор өңір бюджетке неше теңге аударады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Атырау облысының 2023-25 жылдары республика бюджетіне неше теңге аударатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ағымдағы жылы 2020 – 2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер туралы Заңның қолданылуының аяқталуына байланысты, келесі үш жылдық кезеңге арналған субвенциялар мен алып қоюлардың көлемін бекітуді көздейтін «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2023 – 2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобасы әзірленді.
Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі өңірлердің қаржылық дербестігін кеңейту және әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімді болуын теңестіру, сондай-ақ орталық пен өңірлер арасындағы трансферттер көлемін біртіндеп қысқарту жөніндегі жаңа тәсілдер ескеріліп есептелді», - деді ведомство басшысы.
Бұл жерде бюджет доноры болып есептелетін үш өңірден алдағы 3 жылда 1,5 трлн теңге алу жоспарланып отыр.
«Осыны ескере отырып, үш донор өңір – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Атырау облысы айқындалды, олар бойынша бюджеттік алып қоюлар мынадай көлемде айқындалды: 2023 жылы 487 млрд теңге, 2024 жылы – 536 млрд теңге, 2025 жылы – 577 млрд теңге.
Қалған 17 өңір бойынша бюджеттік субвенциялар көлемі 2023 жылы – 4,9 трлн теңге, 2024 жылы – 5,2 трлн теңге, 2025 жылы – 5,7 трлн теңгені құрады», - деді министр.