Елдегі жанар-жағармай бағасы шарықтап тұр
АЛМАТЫ. 21 шілде. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Қазақстанның бірқатар өңірлерінде бензин тапшылығы сезілуде. Бұл толығымен экономиканың заңдарына сәйкес орын алуда, алайда жауапты құрылымдар мұны ұдайы елемеуге тырысып жүр.
Бұл жайында бүгін «Гелиос» ЖШС-нің сату және маркетинг жөніндегі директоры Денис Трандафилов Алматыда арнайы өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Оның айтуынша, соңғы кезде Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлерінің тәуелсіз қауымдастығына мұнай өнімдерінің бөлшек сауда нарығында кәсіпкерлікпен айналысып жүрген бизнесмендер жиі шағымданатын болған.
«Жанармай құю стансаларының (ЖҚС) қожайындары тапшылықпен байланысты орын алып отырған жағдайдың басты себебін бензин мен дизель отынның сатылу бағасының Үкімет тарапынан мәжбүрлеу арқылы тежеліп отырғандығынан көреді», -дейді Д.Трандафилов.
Сонымен қатар ол тәуелсіз ЖҚС қожайындары үшін бизнесті жүргізудің мәні көтерме сауда мен бөлшек сауда арасындағы баға айырмашылығы арқылы табыс табуда жатқандығын айтып өтті. «Алайда, көтерме баға Мұнай және газ министрлігімен белгіленген шекті бағадан жоғары болған жағдайда, бұл бизнес шығыны жоғары бизнеске айналады. Отын нарығындағы тәуелсіз субъектілер үшін көтерме бағаның жоғарылауы жағдайында әкімшілік тарапынан бөлшек бағаны белгілеу осы субъектілер үшін бәсекеге қабілетсіз баға жағдайын жасап отыр. Бұл жағдай олардың күйреуіне әкеліп соғатын қауіп болып табылады», -деп атап өтті Д.Трандафилов.
Оның айтуынша, биліктегілер ҚР-ның «Бәсекелестік туралы» Заңын бұза отырып, кәсіпкерлердің бағаны өздері реттеуге заңды құқығы бар өңірлер аумағындағы бағаларды да реттеуге кірісіп жүр.
Зауыттардың жүктемесі мен тапсырыстың жеткізілу кестесіне бақылау қою компаниялардың мұнайды және мұнай өнімдерінің ағымын қайта бағыттау жөніндегі мүмкіндігін нарықтағы жағдайға байланысты төмендетеді, бұл тағы кәсіпорындардың табыстылығының төмендеуіне әкеліп соғады. Қорыта келгенде, сектор өзінің инвестициялық тартымдылығын жоғалтуы мүмкін деп ойлайды мамандар.