Елден ерек: Алматы бұдан былай көлік субсидиясының талаптарын өзі бекітеді

алматы
Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда қалалық мәслихаттың кезекті XIX сессиясы өтіп жатыр. Сессия барысындағы сұрақ-жауап кезінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин жергілікті тасымалдаушы компанияларды субсидиялау мәселесіне пікір білдірді.

Оның айтуынша, қаладағы тасымалдаушыларды субсидиялау ережелері мен әдіснамасы министрлік тарапынан бекітілген.

Бірақ жауапты ведомстовоның ережесі қала талаптарына сәйкес келе бермейді.

— Осы жылы жалпы субсидия сомасы — 96 млрд теңге. 23 автобус паркі үшін бұл өте үлкен қаржы. Ол 2022 жылы-ақ белгілі болған. Сол кезден бері не істедік? Субсидия республикалық емес, жергілікті бюджеттен берілетіндіктен жаңадан құрылған Көлік министрлігімен байланыста болдық. Мәжіліске бір ай бұрын осы мәселемен бардым. Заң жобасы Сенатқа жіберілді. Енді жергілікті қоғамдық көлікті субсидиялау ережесін Алматы қаласының мәслихаты бекітетін болады. Мұндай тәжірибе еш жерде жоқ. Тек Алматы қаласында біз өзіміз субсидия ережелерін бекітетін боламыз, — деді Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин.

Сондай-ақ Асқар Әмрин аталмыш заң жобасы қабылданса, келер жылдың қаражатын қала талаптарына сай бекітуді жоспарлап отырғанын атап өтті.

— Біз Алматы агломерациясының тереңдігін кеңейтіп жатырмыз. Өткен жылы агломерацияға дейін 50 шақырым жерге 10 жаңа бағыт аштық. Биыл тағы 20 бағыт ашсақ дейміз. Егер осы бағыттарды енгізіп, субсидияға ақша бөлетін болсақ, күнде қалаға кіретін 450 мыңға жуық көліктің саны азаяды. Оның барлығы жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі. Осы айда Сенат отырысы өтіп, одан кейін заң жобасы Президенттің қол қоюына жіберілуі керек. Заң күшіне енген соң, біз келесі жылдың бюджетін қаланың талаптарына сай бекіткіміз келеді, — деді ол.

Соңғы жаңалықтар
telegram