Елден заңсыз шығарылып, мемлекет кірісіне қайтарылған қаражаттың бәрі ерікті түрде берілді - Жамаубаев

қаржы
Фото: primeminister.kz

Елден заңсыз шығарылып, мемлекет кірісіне қайтарылған қаражаттың бәрі ерікті түрде берілді. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Заңсыз алынған, шығарылған активтерді қайтару жөніндегі заң қабылданды. Қазіргі уақытта заң жұмыс істеп тұр, комиссияның бірнеше отырысы өтті. Капиталды қайтарудың екі жолы бар. Яғни, ерікті және мәжбүрлі түрде. Бұл орайда тізілімге тап болуы мүмкін тұлға комиссияға өз еркімен келіп, «осы уақыттың ішінде мұнша қаржыны заңсыз таптым, енді оны Қазақстанға инвестициялығым келеді» деп айта алады. Ол өңірлердегі, моноқалалардағы қандай да бір маңызды әлеуметтік-экономикалық жобаны таңдап қаржыландыра алады немесе арнайы ашылған шотқа ақшалай инвестиция салады. Ол мүлік немесе акция, облигация, бағалы тастар түрінде де қайтар алады. Сол үшін арнайы компания құрдық», - деді Ерұлан Жамаубаев Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, мемлекетке қайтарылған нысан мектеп не ауруханаға жарамды болса, онда ол тиісті мемлекеттік органға қайтарылады. Ал бизнес үшін қызығушылық тудырса, онд ашық аукцион арқылы сатылады не бәсекелестік ортаға беріледі. Мұның бәрі заңда көзделген.

Сондай-ақ Қаржы министрі бүгінде 1 трлн теңгенің мүлкі, акциялары, кәсіпорындары мемлекетке қайтарылғанын айтты. Олардың бәрі мемлекет меншігіне ерікті түрде беріліп отыр.

Соңғы жаңалықтар