Елді-жерді жаудан қорғап қалған батыр бабаларымызды әлі толық танып болған жоқпыз

АЛМАТЫ. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Батыр бабаларымыздың қаһармандық ерліктері мен өнегелі істерін жас ұрпаққа насихаттау өз деңгейінде емес.

Елді-жерді жаудан қорғап қалған батыр бабаларымызды әлі толық танып болған жоқпыз

Бұл жайлы бүгін Алматыда өткен "Қазақтың Ұлы қолбасшылары" деп аталатын республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды.

"Еліміздің бас қалалары мен облыс орталықтарындағы мұражайлардан елді-жерді қорғап қалған батыр-бабаларымызға арнайы бөлмелер ашу керек. Экспонаттар мен материалдарды жинауды мектеп мұғалімдері арқылы жүзеге асыруға болады. Қала, аудан мен ауылдарға және ондағы көшелерге ел мен жерді жаудан қорғап қалған батырлардың есімдері берілсе. Сондай-ақ спорт мектептері әскери құрылымдар, шекара заставалары олардың есімдерімен аталып, ескерткіштер мен монументтер орнатылса. Деректі-көркем фильмдер, көркем шығармалар мен ғылыми зерттеулер жазылса. Барлық жоғары оқу орындарында зерттеу жұмыстары жүргізіліп, оны жер-жерде басып шығаратын болсақ, бүкіл еліміз бойынша аса құнды деректер қоры жиналар еді", - дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы "Қорқыттану" ғылыми-зерттеу институтының директоры, филолгия ғылымының докторы Бағдат Кәрбозұлы.

Оның пайымдауынша, бұл жәйттардың қалай жүзеге асып жатқанын талқылап, жетілдіру үшін бұл республикалық конференцияны дәстүрі шараға айналдыру керек. Сонымен қатар ондағы баяндамаларды жинақ етіп бастырып шығарып, зерттеушілер мен қалың оқырман қауымның талқысына салу қажет.