Елдік шешімдердің халық көңілінен шығатыны анық - Абат Қыдыршаев

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысына қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Негізгі заңға енгізілетін өзгерістердің еліміздің дамуына ерекше серпін беретінін атап өтті. Мемлекет басшысы сонымен қатар 26-баптың өзгеріссіз қалатынын жеткізіп, халықтың күпті көңілін орнына түсірді. Шындығында елдің мүддесін көздейтін маңызды шешімдер ғана халық көңілінен шығатыны анық. Бұл туралы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы «Махамбет» гуманитарлық зерттеулер институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Елдік шешімдердің халық көңілінен шығатыны анық - Абат Қыдыршаев

Оның айтуынша, Елбасы жариялаған саяси реформаның мемлекеттілікті нығайтуға, билік тармақтары қызметінің тиімділігі мен жауапкершілігін арттыруы заңды. Мемлекет басшысы ұсынған жаңа бағыттың мемлекетімізді одан әрі нығайтуға және биліктің барлық тармақтарын одан әрі күшейтуге арналуы қуантады. Күшті президенттік билікті сақтай отырып жүргізілетін мұндай реформа - еліміздегі саяси тұрақтылық пен одан әрі өсіп-өркендеуіміздің берік кепілі. Ақиқатты сол демократияландыруды жалғастыру, Парламенттің өкілеттігін кеңейту, мемлекеттік органдардың халық пен қоғам алдындағы есептілігін қамтамасыз ету - қашан да  басты қағидатымыз.

«Елбасы қоғам алдына уақыт талаптарына сай жаңа міндеттер қоя білді. Бұдан бұрынғы Үндеуінде айқын айтылғанындай, біз үшін саяси партиялардың рөлін күшейту мәселесі аса маңызды. Егер Үкімет құрылымы мен құрамы сайлауда жеңген партияның артықшылығы бойынша жасақталатын болса, бұл - барлық партиялар үшін биліктің өкілетті органдарында ғана емес, басқа органдарында да болуға деген үлкен мүмкіндік көзі. Ал мұның барлығы халық мүддесі үшін, еліміздің болашақ дамуы үшін қолға алынған бес институттық реформаға сәйкес келмек. Сондай-ақ, бұл - елдің тағдырына қатысты мәселелерді тереңдетуде алуан ұйым ұжымдарында халық тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің жинақталуының қажеттілігі. Енді осыған сіз бен біз ұйытқы болуымыз керек, баршамыз осы тұста  азаматтық  ұстанымымызды  танытқанымыз абзал.

Түсіне білсек, Мемлекет басшысының Парламенттің өкілеттігін күшейту, Үкіметтің жауапкершілігін арттыру туралы бастамасы - Қазақстанда тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз етуге қомақты қосымша күш дарытпақ. Елбасымыздың мемлекеттілікті нығайтуға, республикамызды одан әрі саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңғыртуға арналған елдік бағытын толығымен қолдау орынды. Мемлекет басшысының қазіргі заманның жаһандық және өңірлік қауіп-қатерлеріне сәйкесті әрекет ету қажеттілігі туралы ұстанымы қолдауға лайық.                  

Қазақстан Президенті саяси жүйені одан әрі демократияландыру үшін мемлекеттік билік тараптары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу, сондай-ақ «Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру және еліміздің әлемдегі 30 жетекші мемлекеттің қатарына кіру бойынша «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаттарына қол жеткізу жөнінде ұсынып отырған реформасының маңызы ерекше. Үкіметтің экономика саласындағы атқарушылық өкілеттіктері мен дербестілігін кеңейту және оның жауапкершілігі мен Парламент алдындағы есептілігін күшейту еліміздің алдағы бірнеше жылға саяси тұрақтылығын қамтамасыз етуге негіз жасайтыны даусыз.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев мемлекеттік басқарудың заманауи, тұрақты, ұтымды үлгісін қалыптастыру саясатын қарқынды жүргізуде. Нәтиже айқын. Елімізде қалыптасқан кәсіби Үкімет, қуатты Парламент және тәуелсіз сот билігі бар. Демек, енгізілгелі отырған Ата заңымыздағы өзгерістер - қазақ қоғамын жаңартып, жаңғыртудың заңды жалғасы. Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселесі - ел дамуының заңды жүйелі кезеңі. Бұл батыл қадам Парламент пен Үкіметтің өкілеттіктерін сөзсіз арттырады, әрбір қабылдаған елдік шешімдеріне сәйкесті еселенген жауапкершілік жүктейді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасында халықтың бірлігі мен тұрақтылығына, мемлекеттік билік тармақтарының реттілігі мен  үйлесімді жұмысына, азаматтар құқығының сақталуына, мемлекеттік шекарамыздың беріктігі мен еліміздің қорғаныс қабілетінің конституциялық қорғалуына кепілдік берер күшті президенттік билік сақталады. Олай болса, Мемлекет басшысының Конституция кепілі ретінде қабылдаған жаңа тарихи шешімі - қазақ қоғамындағы саяси тұрақтылық пен экономикалық қарқынды дамудың нақты дәлелі. Бұл - «Қазақстан - 2050» бағдарламалық құжатында белгіленген стратегиялық мақсаттарға адалдықтың айқын көрінісі. Қысқасы, конституциялық  өзгерістер - тарихи мән-маңызы зор оқиға. Бұл қазақ елін баянды болашаққа жетелейтін қадам, бүгінгідей жаңарып, жаһанданған әлемге қатысты жаңа көзқарас, елді демократияландыру жолындағы шынайы саяси реформалар бағытында жасалған ширақ іргерілеу әрекетінің озық үлгісі. Бұл - аса сергектілікті қажет етер, мемлекеттік басқару жүйесін мейлінше теңестірілген жүйеге ауыстырудағы дер кезінде көтерілген, осы заманғы, қазіргі күннің шынайы келбетіне сай жасалған, елді озық жұрттар қатарына апарар қарышты қозғалыс. Демек, бұл - ел дамуының жаңа сапалы кезеңге аяқ басқанының дәлелі», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне А.Қыдыршаев.