Елдің алдағы дамуында Елбасы айқындаған Ұлт жоспарының маңызы зор - Қ. Тоқаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елдің алдағы дамуында Елбасы айқындаған Ұлт жоспарының маңызы зор. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлімдеді.
Жиын барысында өткен Президент сайлауының тарихи маңызын атап өткен Сенат Төрағасы сайлаушылардың 97,75 пайызы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың сындарлы саясатын толық қолдайтынын нақты дәлелдегенін айтты. «Барша қазақстандықтар мызғымас бірлігімен биік мақсаттарға бірлесіп қол жеткізетінін бүкіл әлемге паш етті. Қазақстан халқы Мәңгілік Ел идеясының негізі болып табылатын тұрақтылық пен қоғамдық келісімді жақтап дауыс берді. Сайлаушылар еліміздің жарқын болашағы жолында әділ шешім қабылдады. Халықтың парасатты таңдауы - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел игілігі жолындағы өлшеусіз еңбегінің жемісі деп білеміз», - деді Қ. Тоқаев.
Сенат Төрағасы президенттік сайлау науқанына қатысқан халықаралық байқаушылардың сайлау үдерістерінің жоғары жауапкершілікпен ұйымдастырылғанын және әділ, ашық өткізуге толық жағдай жасалғанын мәлімдегенін де жеткізді.
Бұдан бөлек, спикер Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айқындаған еліміздің алдында тұрған 5 ауқымды ішкі міндетке сенаторлардың назарын аударып, Мемлекет басшысы жария еткен «Мемлекетті құрудағы бұдан былайғы 100 нақты қадамы» қамтылған Ұлт жоспарының маңызын атап өтті.
«Елбасы атап өткендей, бұл бағдарлама жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және жаңа тарихи жағдайда 30 дамыған елдің құрамына ену жолындағы нақты жоспар болмақ», - дей келе Сенат Төрағасы осы ауқымды шараларды уақытылы әрі сапалы жүзеге асыру басты міндет екенін еске салды.