Елдің азық-түлік қауіпсіздігі ауыл шаруашылығы жерлерін дұрыс пайдалануға тікелей тәуелді - ҚР Жер ресурстары агенттігі
АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Арнайы инспекция 2009 және 2010 жылдары жалпы көлемі 2,5 млн. гектар атырапты алып жатқан 24 мыңнан астам жер телімдерінің пайдаланусыз қалғандығын анықтады.
Бұл туралы бүгін Астанада Bnews.kz порталында болған онлайн-конференцияда ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзбеков мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, мұндай немқұрайдылық тұтас мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп отыр.
«2009 жылы ауыл шарушылығы жерлеріне қатысты Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өткен болатын. Жер ресурстарын басқару агенттігі облыс әкімдіктеріне жерлерді қорғау бағытындағы мемлекеттік қадағалауды қатаңдату бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Себебі елдің азық-түлік қауіпсіздігі ауыл шаруашылығы жерлерін дұрыс пайдалануға тікелей тәуелді», - дейді Ө. Өзбеков.
Оның келтірген мәліметіне сәйкес, 2009-2010 жылдар аралығында жер заңнамасын бұзудың 11 мың фактісі анықталды. Оның жартысынан көп үлесі мемлекеттік меншік құқықтарын бұзуға қатысты, яғни мемлекеттік жерлерді заңсыз басып алу болса, заң бұзушылықтың екінші санаты - ауыл шаруашылығына арналған жерлерді тиімді қолданбау немесе мақсатына сай мүлдем пайдаланбау болып отыр.
«Әкімдіктермен өткен бірлескен шаралардың барысында 2009 және 2010 жылдары арнайы инспекция жалпы көлемі 2,5 млн. гектар атырапты алып жатқан 24 мыңнан астам жер телімдерінің пайдаланылмағандығын анықтады», - деп түйіндеді сөзін Агенттік басшысы.