Елдің бірқатар қалаларында «Қазақстандықтарға ЕҚЫҰ туралы» жобасы басталды
АНА. Тамыздың 18-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық желісі елде «Қазақстандықтарға ЕҚЫҰ туралы» жобасын бастады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жөнінде бүгін елордада тәуелсіз бақылаушылардың республикалық желісінің өкілі Баян Ахметжанова мәлім етті.
Аталмыш жоба бойынша қазақстандықтарды Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының рөлі мен қызметі жайында ақпараттандыру көзделуде. Сонымен бірге Қазақстанның осы ұйымға төрағалық етуіндегі мәні мен пайдасы түсіндіріледі.
Еліміздің Астана, Алматы, Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе, Петропавл қалаларында өткізілетін «Қазақстандықтарға ЕҚЫҰ туралы» жобасын іске асыруға Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі қолдау көрсетіп отыр.
Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық желісінің елордадағы өкілі Баян Ахметжанованың айтуынша, жоба аясында халыққа ұйым жайында кеңінен мағлұматтар беріліп, үкіметтік емес ұйым өкілдеріне, саяси партия мүшелеріне, мемлекеттік қызметкерлерге арналған тренингтер, семинарлар ұйымдастырылмақ.