Елдің экономикалық, мәдени дамуына үлес қосқан неміс этносының өкілдері марапатталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Оңтүстік Қазақстан облысында неміс этносының мәдениеті күні өтті. Мерекелік шара аясында Қазақстандағы неміс халқы тарихының,  әдебиеті мен мәдениетінің көрмесі, этномәдени бірлестіктердің жанындағы шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламалары ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елдің экономикалық, мәдени дамуына үлес қосқан неміс этносының өкілдері марапатталды



Мерекелік шарада облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары  Мұратәлі Қалмұратов құттықтау  сөз сөйлеп, неміс этномәдени бірлестігінің елдегі берекелі бірлікті сақтап жүргенін атап өтті. Сондай-ақ мемлекетіміздің саяси, экономикалық және мәдени дамуына лайықты үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға облыс әкімінің Құрмет грамотасын тапсырды. 

Өз кезегінде облыстық  «Возрождение» неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Иосиф Бахман Елбасының сарабдал саясатының арқасында Қазақстан бүгінде барша этностардың құтты шаңырағына айналғанын атап өтті. Айта кету керек, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында 2,5 мыңға жуық неміс ұлысы өкілдері тұрады.  1992 жылы өңірімізде «Возрождение» неміс этномәдени бірлестігі құрылған.  Ел бірлігін бекемдеу, тұрақтылықты сақтау бағытында атқарылған іс-шаралардың жанынан табылып келе жатқан бірлестіктің Төле би, Сарыағаш, Сайрам аудандары мен Кентау қаласында филиалдары бар. Жастар қанаты, түрлі мәдени үйірмелер мен  жексенбілік мектептер жұмыс істейді.