«Елдің қуаты - бірлігінде» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Тамыздың 14-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда тамыздың 14-і, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы облысына жұмыс сапары жайында кеңінен жазылған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанның» сенбілік нөмірінде «Елдің қуаты - бірлігінде» деген тақырыппен басылды. Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Қызылағаш ауылында жаңадан салынған ғимараттармен танысқаннан кейін Елбасы ауылдың шығыс жағында тасқыннан опат болған жандарға қойылған ескерткіш-монумент жанында ауыл ардагерлерімен, жұртшылықпен кездесті. Кездесу барысында Президент «Құрметті халайық, қадірлі жерлестер! Бүгінгі сапардың мән-жайын білесіздер. Қазақстанда ғана емес, әлемнің әр түкпірінде түрлі табиғи апаттар орын алып, қаншама халық зардап шегіп жатқаны белгілі. Қызылағаштағы жағдайдан кейін Үкіметке жедел тапсырма беріп, арнайы комиссия құрылып, үлкен жұмыстардың тиянағы келтірілді. 8 млрд. теңгеден астам қаржыға атқарылған жұмыс нәтижесінде ауыл қайта түледі. Бұл, біріншіден, мемлекет тәуелсіздігінің арқасы, екіншіден, оның күш-қуатын білдірсе, үшіншіден, елдің бірлігі мен ынтымағының нәтижесі деп бағалаған жөн. Барша халық бір жеңнен қол шығарып, жұмылуының арқасында қандай жұмыс жасалғанын көрдіңіздер. Сонымен қатар "Нұр Отан" партиясының бастамасымен әр адам бір күндік жалақыларын аударса, мемлекеттік компаниялар қорға қомақты қаржы құйды. Үкіметтің, облыс әкімінің, аудан басшыларының менің тапсырмамды орындауының және Төтенше жағдайлар және Қорғаныс министрліктері жауапкершілікті түсініп, жедел іс-әрекет етіп, техникаларды топтастыруының арқасында бүгін бір ауыл қалпына келтіріліп, жаңарды. Бар болғаны төрт айдың ішінде барлығы жаңадан 467 үй қайта салынды», деді.

«Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік нөмірінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Спорт күніне арналған құттықтауы жарияланды. Мемлекет басшысының құттықтауында «Спорт - елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Тәуелсіздік жылдары ел спортшылары халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, көк байрағымыз асқақтай түсуде. Келесі жылы елімізде қысқы Азия ойындары өтеді. Бұл Қазақстан спортының әлемдік деңгейде дамығанын көрсетеді. Мерекелеріңіз құтты болсын! Дендеріңізге саулық тілеймін! Қазақ елінің спорт саласындағы жетістіктері мен табыстары арта берсін!», делінген.

***

Семей - еліміздің рухани орталығы. Бұл өлке - кешегі Алаш қаласы, яғни қазақ зиялыларын Алаш ұлтын құруда мақсат-мүддесі, ой-арманы тоғысқан жер. «Алаш айнасы» газетінің баян етуінше, Алаш қаласында Алаш арыстары туралы белгі жоқ көрінеді. «Тарихқа жүгінсек, бұл қаланың қазіргі Жаңасемей бөлігінде 1917-1918 жылдары «Алаш» қозғалысының кеңсесі болған. Ендеше, бұл қалада бүгінгі ұрпаққа тарихи тағлым боларлық Алаш қайраткерлеріне бір ескерткіш белгі орнатылуы тиіс еді. Қаланың орталық көшелерінің біріне «Алаш арыстары» атауы берілуі керек еді. Алайда егемендігімізді алып, етек-жеңімізді жинап, оң-солымызды танығалы 20 жылға жуық уақыт өтсе де, қаланың орталық үлкен көшелері әлі күнге дейін «Интернационал», «Ленин» есімдерімен аталады. Сонда 70 жыл бойы санамызда үстемдік құрған құлдық санадан Тәуелсіздік алған 20 жылда да арыла алмағанымыз ба?», деп жазады басылым.

«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, еліміздің білім беру ошақтарының қысқы маусымға дайындығы мәз болмай шықты. Ақ бораны мен қытымыр аязымен есте қалған өткен қыс білім беру басқармаларына сабақ болмағанға ұқсайды. Кеше Астана, Алматы қалалық және облыстық білім басқармаларының бастықтарын жинаған Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев жаңа оқу жылына дайындық барысына көңілі толмайтындығын білдірген. Мақаланың толық нұсқасын оқығыңыз келсе, басылымның сенбілік нөмірінде жарияланған «Қыстың қамын жазда ойламаған білім басқармалары қызметінен қуылады» деген тақырыпқа назар аударыңыз.

***

«Қырғызстанның энергетика министрі Османбек Артықбаев Қазақстанға электр энергиясын бұрынғыдай 1,44 сом емес, 1,16 соммен экспорттауға шешім қабылдағанын хабарлады. Қырғыз министрінің пайымдауынша, бұл баға екі ел үшін де ең оңтайлы көрінеді. Себебі бұған дейін, әрбір кВт/сағат үшін 3,1 цент, яғни 1,44 сомның айналасында болып келген», деп жазады «Айқын» газеті. Қырғызстан Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазақстандық энергия компанияларына жалпы сомасы 56,9 млн АҚШ долларына 1,8 млрд. кВт/сағат электр энергиясы сатылады. «Электр стансалары» ААҚ электр энергиясын сату бойынша конкурстық ұсыныстарды қарау жөніндегі сарапшылар комиссиясының шешіміне сәйкес 2010 жылы Қазақстанның бес компаниясымен электр энергиясын жеткізуге шарт жасасты.

Алматыда көп жылдан бері пәтер кезегінде тұрған мүмкіндігі шектеулі жандардың отбасылары кеше үлкен қуанышқа кенелді. Қала әкімі Ахметжан Есімов жиырма отбасыға арбаға таңылған мүгедектердің жүріп-тұруына ыңғайлы, арнайы жағдай жасалған үйден пәтер кілті мен жалдау шарттарын тапсырды. Бұл жағымды жаңалықты «Айқын» газеті жариялап отыр. Әуезов ауданының Өтеген батыр көшесінде орналасқан бұл бес қабатты ғимаратта 1-4 бөлмелі 25 пәтер бар. Ол - еліміздегі арнайы инфрақұрылымы дамыған, арбамен жүруге ыңғайлы пандустары мен лифттері бар алғашқы үй. Бұл пәтерлерге аудан әкімдіктерінде талай жылдан бері пәтер кезегінде тұрған алматылықтар қол жеткізді. Олардың арасында пәтер кезегінде жиырма жылдан аса тұрған мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Жалпы, қала бойынша, 7 мыңнан аса мүгедек өз баспанасын күтіп жүр екен.

***

«Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хишам Абдел Уаххаб Зарааны оның біздің еліміздегі қызметінің аяқталуына байланысты қабылдады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Хишам Абдел Уаххаб Зараа Қазақстанның экономикалық және сыртқы саяси жетістіктері мен халықаралық аренадағы артып келе жатқан ролін жоғары бағалады және біздің еліміздің 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етуі табысты өтетіне сенім білдірді. Елші Сауд Арабиясы аш-Шура Мәжілісі (Консультативтік Кеңес) Төрағасының Эр-Риядқа ресми сапармен келуге шақыруын Қ.Тоқаевқа табыс етті. Кездесу соңында Қ.Тоқаев Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға қосқан жеке үлесі үшін дипломатиялық миссия басшысына алғыс айтты және кәсіби қызметінде табысты бола беруге тілектестігін білдірді.

Соңғы жаңалықтар