Елдің тыныштығы мен тұрақтылығы үшін дауыс бердім-Жабал Ерғалиев

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Тәуелсіздігіміздің баянды болуы, елдің тынышытығы мен тұрақтылығы үшін дауыс бердім. Бұл туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елдің тыныштығы мен тұрақтылығы үшін дауыс бердім-Жабал Ерғалиев

Бүгін қоғам қайраткері Көкшетаудағы өзі тіркелген сайлау учаскесінде дауыс беріп шықты.

«Көкшетаулық сайлаушылардың бірі болып, өз сайлау учаскеме келіп, дауыс бердім. Өз таңдауымды жасадым», - дейді Жабал Ерғалиев.

Сонымен қатар, ол бұл сайлау біздің қоғамды демократияландыру және қоғамдық ұйымдар мен халықтың белсенділіктерін арттыруға да жаңа серпін бергенін атап өтті.

«Жуырда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Қазақстанның саяси жүйесі заман талабына сай дамып келеді. Мәжіліс депутаттарының биылғы сайлауы – көппартиялы Парламентті орнықтыру жолындағы маңызды қадам. Бізде саяси көзқарастары әртүрлі партиялар бар. Олардың ұстанымдары консервативті, либералды, ұлтшыл, социалист және тағы басқа болуы мүмкін. Бұл – табиғи үдеріс. Саяси плюрализм мемлекетті эволюциялық жолмен дамытуға және нығайтуға мүмкіндік береді. Саяси күштер осындай әралуан болса да, баршасын біріктіретін және бәріне ортақ құндылық бар. Ол – қастерлі Тәуелсіздік»- дегені бар.

Кез келген саяси науқанның басты миссиясы Тәуелсіздікті баянды етуге, елдің бірлігі мен берекесін сақтау болса керек. Олай болса өз басым Тәуелсіздігіміздің баянды болуы, елдің тыныштығы мен тұрақтылығы үшін дауыс бердім! Біз үшін Тәуелсіздіктен қымбатты да құнды ешнәрсе жоқ екендігін ұғынғанымыз абзал! Сол тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтайық», - деп түйіндеді Жабал Ерғалиев.