Елдік мүдде белгілі бір этнос немесе әлеуметтік топтардың мүддесінен жоғары тұруы тиіс – Риззат Тасым

саясаттанушы
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

АСТАНА. KAZINFORM – Елдік мүдде белгілі бір этнос немесе әлеуметтік топтардың мүддесінен жоғары тұруы тиіс. Мұндай пікірді саясаттанушы Риззат Тасым білдірді.

«Ұлттық татулық мәселесі Қазақстан үшін бұрынғыдан да өзекті. Өйткені Қазақстан әлеуметтік-экономикалық жаңғырту мен саяси демократияландырудың жаңа кезеңінің тоғысында тұр. Бүгін біз елдер мен халықтар арасындағы қатынастардың бүкіл жүйесіндегі терең өзгерістердің куәсі болып отырмыз. Поляризация тек елдер арасында ғана емес, адамдар арасында да күшейе түсті. Ұлғайып келе жатқан теңсіздік пен құндылықтар алшақтығы кез келген жүйеге авторитарлық болсын, не демократиялық болсын экзистенциалды қауіп туғызып отыр: Өйткені экономикалық және әлеуметтік айырмашылықтар саяси айырмашылықтарға айналуда. Оған қоса, діни төзімділікті нығайтуға және өркениеттер диалогын дамытуға үлкен үміт артқан қазіргі әлемде, өкінішке орай, мәдениетаралық және дінаралық қайшылықтар шиеленісе түсті. Сондықтан бұл тұрғыда этносаралық және конфессияаралық диалог пен толеранттылықтың тиімді үлгілері өте маңызды. Осы күнге дейін ұлтаралық қатынастарды үйлестірудегі қазақстандық тәжірибе өзіндік нәтиже беріп келді. Бірақ жоғарыда айтып өткен мәселелер әрдайым кез келген сын-қатерге дайындықты талап етеді», - деді саясаттанушы агенттік тілшісіне берген пікірінде.

Оның атап өтуінше, саяси бағдардың жаңа жүйесінде дамуға және жасампаздыққа негізделген үйлесімді этносаралық қатынастар жаңаша қалыптасатыны белгілі. Осындай жағдайда ұлтты ұйыстыру және оның дамуы жөніндегі келісім, өзара серіктестік, оның әр тобы үшін тартымды болатын біріктіруші құндылықтарға деген қажеттілік бар. Азаматтардың бірлігі, жалпыұлттық бірегейлігі мен этноәлеуметтік тұтастығы ортақ идеалдар мен құндылықтар арқылы үйлесімді іске асады.

«Президенттің бүгінгі Ассамблея сессиясында айтқанындай, қазіргі күрделі кезеңде елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау – ең басты міндет. Сондықтан, біртұтас жалпыұлттық перспективаның жоғалуына байланысты ең үлкен әлеуметтік-мәдени апат болмасын десек, ұлттық бірлікті сақтай отырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру керек. Ұлттың жаңа сапасы - қоғамдық келісім мен ұлттың әл-ауқатының негізі болуы тиіс. Ал жаңа сапа тиісті құндылықтар арқылы қалыптасады. Жалпыға ортақ ол құндылықтарды Ассамблеясының бүгінгі XXXIII сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы қайта қайталап өтті: тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік, жасампаздық пен жаңашылдық», - деді Риззат Тасым.

Соңғы жаңалықтар