Елдос нағыз чемпиондық мінез көрсетті - Геннадий Головкин

ПАРИЖ. KAZINFORM – ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин дзюдошы Елдос Сметовті Париждегі Олимпиада ойындарында топ жаруымен арнайы құттықтады.

Сметов
Фото: olympic.kz

«Біздің даңқты спортшымыз Елдос Сметовті Олимпиада ойындарындағы жеңісімен құттықтаймын! Елдос бұл медальға қол жеткізу үшін үш олимпиадалық циклді артта қалдырып, өзінің нағыз чемпиондық мінезін көрсетті! Бұл алтынды Елдос алмағанда, кім алады?! Ұлттық Олимпиадалық комитет атынан Елдос пен оның бапкері Ғалымжан Жылгелдиевті Париж Олимпиадасындағы алтын медальмен құттықтаймын! Елдостың жеңісті бастамасы ұлттық құрама үшін жалғасын таба берсін! Алға, Қазақстан!» - деді ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин.

Естеріңізге сала кетейік, Париж Олимпиадасында спортшыларымызды қолдауға келген ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Елдос Сметовтің жеңісінен кейін Кazinform тілшісіне шағын сұхбат беріп, өз ойымен бөліскен болатын.

Соңғы жаңалықтар