Елдос Сафуллин БҚО білім басқармасының басшысы болып тағайындалды

ОРАЛ. KAZINFORM — БҚО әкімінің өкімімен Елдос Набиоллаұлы Сафуллин Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Елдос Сафуллин БҚО білім басқармасының басшысы болып тағайындалды
Фото: БҚО әкімдігі

БҚО әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Елдос Набиоллаұлы 1981 жылы дүниеге келген.

Білімі жоғары, 2002 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін математика және информатика мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ 2014 жылы математика жаратылыстану ғылымдары магистрі атағын алды.

Елдос Сафуллин 2002-2004 жылдары аталмыш университетте математика кафедрасының оқытушысы, 2004-2005 жылдары Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті математика кафедрасының оқытушысы, 2005-2012 жылдары М.Өтемісов атындағы БҚМУ физика, математика және информатика кафедрасының оқытушысы қызметін атқарды.

Сондай-ақ 2012-2022 жылдары «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ БҚО филиалы директорының оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі директорының орынбасары болды.

2022 жылдан осы уақытқа дейін «Орал ақпараттық технологиялар колледжі» МКҚК директоры қызметінде болды.

Бұған дейін білім басқармасының басшысы қызметін атқарып келген Айгүл Әділгерейқызы Мыңбаева өткен айда зейнетке шыққан болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қайыржан Меңдіғалиевтің Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болғанын жазған едік

Соңғы жаңалықтар