Елдос Сметов: Ел абыройы үшін күресе беремін
ТАРАЗ. KAZINFORM – Париж Олимпиадасының чемпионы, дзюдодан үш дүркін Олимпиада жүлдегері Елдос Сметов пен дзюдодан Қазақстан Респбуликасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Елдос Сметовтың жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев Жамбыл облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз брифингін өткізді.
Ел үмітін ақтаған спортшы алдымен өзіне қолдау білдірген, аса үлкен құрмет көрсеткен барша жанкүйерлерге, Жамбыл жұртшылығына алғысын білдірді. Мұнан соң БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Журналистердің «Мемлекеттен алған қаражатты қайда жұмсайсыз?» деген сұрағына:
«Әр спортшының арманы – артынан жақсы бір мектеп ашылса деген ой. Қызмет жасап, жинаған тәжірибені бөліскенге не жетсін?! Мемлекеттен әр спортшыға әртүрлі деңгейде берілетін қаражат бар. Әр адам өзінің жасап жатқан жұмысына қаражат алады. Ол қаражат айдың соңында түсетін жалақыларыңыз сияқты. «Жалақыңды қалай жаратасың?» деп сұраса қалай жауап берер едіңіз? Бұл менің отбасыма, еткен еңбегіме, төккен теріме, жеткен жетістігіме берілген баға, төрт жылдық жалақым деп ойлаймын», – деді Елдос Сметов.
Айта кетейік, мемлекеттен Елдос Сметовке алтын медаль алғаны үшін 250 мың АҚШ доллары беріледі. Бұл теңгемен шаққанда 117 млн теңге шамасында.
Сондай-ақ, спортшы алдағы уақытта спорттық мансабын жалғастырғысы келетінін, келесі Олимпиадаға да баруы мүмкін екенін айтты. Әзірге қызметке тағайындалуды емес, еліміздің дзюдо спортын дамытқысы келетіндігін жеткізді.
«2028 жылы 35 жаста болады екенмін. Мүмкіндігім болса, ел абыройы үшін неге күреспеске деген шешімге келіп жатырмыз. Біраз уақыт демалып, отбасыма, бала-шағама көңіл бөліп, сосын ақырындап, кимономызды киіп, белімізді буып, ел намысын қорғау жолында еңбек ете береміз», – деді ол өз сөзінде.
Бұған дейін Елдос Сметовке жерлестері Lexus 600 көлігі мен 5 бөлмелі пәтер сыйлағанын жазған болатынбыз.