Елдос Сметов шыққан тұғырға біздің балуандар да шыққысы келеді – бас бапкер Юрий Мельниченко
ПАРИЖ. KAZINFORM – Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бүгін грек-рим күресінен 77 келі салмақта Демеу Жадыраев финалға шыққан болатын.
Жарыс аяқталғаннан кейін, грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Мельниченко Кazinform тілшісіне эксклюзив сұхбат беріп, бүгінгі белдесулер туралы айтып берді.
«Париж Олимпиадасының алғашқы күні дзюдодан Елдос Сметов алтын медаль жеңіп алғаны өзге спортшыларға өте жақсы күш, үлкен рух сыйлады. Біздің, грек-рим күресінің балуандары, сол Елдос шыққан Олимпиаданың ең биік жеңіс тұғырына көтерілуге бар күштерін салып жатыр. Бүгінгі Демеудің жанқиярлық танытып, талай мықтыларды жолдан тайдырып, финалға жетуіне сол Елдостың алтыны үлкен әсер етті», - деді бас бапкер.
Сондай-ақ, Демеу Жадыраевтің финалда чемпион атануға мүмкіндігі жететінін де атап өтті.
«Бұйырса, ертең финал. Жадыраев намысшыл азамат. Олимпиадаға үлкен дайындықпен келді. Қазір тура бабында. Енді бағы мен бабы қатар шапса, чемпиондық атақ алыс емес. Ертең «не бел, не белбеу кетеді» деп күресу керек. Бұл Демеуге қайталана бермейтін ең соңғы, ең үлкен мүмкіндік», - деді Юрий Мельниченко.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында грек-рим күресінен 77 келі салмақта Демеу Жадыраев қазақ балуандарынан бірінші болып финалға шықты.