Электр беретін компания петропавлдықтарға 22,5 млн теңге қайтарады
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда энергия тасымалына кететін шығындарды тұтынушылар есебінен жауып келген «Севказэнергосбыт» ЖШС заңсыз алған 22,5 млн теңгеден астам қаражатты қайтаратын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің мәліметінше, сәуір айында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мамандандырылған экономикалық сот «Севказэнергосбыт» ЖШС-нің тұтынушылар балансындағы желілер бойынша жылу шығындары үшін есептеулер жүргізу әрекеттерін заңсыз деп танып, оны тоқтатуды, кәсіпорынға 2020-2021 жылдар аралығында жылу шығындарын төлеген тұтынушыларға қайта есептеу жүргізуді міндеттеді. Қайта есептеу нәтижесінде «Севказэнергосбыт» ЖШС Петропавл тұрғындарына жылу шығындары үшін 22,5 млн теңгеден астам қаражатты қайтаруы тиіс. Кәсіпорын шешіммен келіспегенімен, маусым айының соңында сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды, апелляциялық шағым қанағаттандырылмады.
Тұтынушылар бұл қаражатты маусым айындағы шот-түбіртектерде көреді, онда қайта есептеу сомасы жеке жолда көрсетілмек.
Еске салайық, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаментіне тұрғындардан «Севказэнергосбыт» ЖШС-ға қатысты коммуналдық төлемдерді есептеу тәртібінің заңға сай еместігі жөнінде 2021 жылдың қараша айынан бірнеше рет шағым түскен. Компания теңгерімдік тиесілік шекарасында орналасқан есептегіш құралдары бар петропавлдықтардан жылу ысыраптары үшін төлем алып келген.