Электр энергетикалық саланың қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін осы салаға арналған техникалық регламенттер жүйесін қалыптастыру қажет

АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстанның электр энергетикаық саласының қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін осы салаға арналған техникалық регламенттер жүйесін қалыптастыру қажет.

Электр энергетикалық саланың қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін осы салаға арналған техникалық регламенттер жүйесін қалыптастыру қажет

Бұл туралы бүгін Астанада өткен энергетикалық саланы дамыту перспективасына арналған кеңесте вице-премьер- индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, бұл ретте ең алдымен бірінші кезектегі нормативтік-құқықтық актілер мен техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі шараларды қабылдау қажет. «Әзірге республикамызда электр энергетикасы саласындағы құқықтық қатынастарды реттейтін бірде-бір техникалық регламент жоқ, қолда бар нормативтік-құқықтық актілер келесі жылдан бастап жойылатын болады, өйткені қазіргі күнде бұл құжаттар министрліктің бұйрықтарымен бекітілген және ұсынымдық сипаты ғана бар. Бұлардың бір бөлігі жойылды, ал қалған бөлігі - 50-ден астам құжат «Жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі бірқатар заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға және «Әкімшілік процедуралар туралы» заңның 1-ші бөлімінің 32-ші тармағына сәйкес, жойылатын болады. Себебі, 2011 жылғы қаңтардың 1-нен бастап электр энергетикасы саласындағы субьектілерге талаптар Үкіметтің қаулысымен бекітілген нормативтік-құқықтық актілердің негізінде ғана қойылатын болады», деді Ә. Исекешев.

Оның айтуынша, бұл үшін жобалаушы-зерттеуші және ізденуші институттардың әлеуеті жетерлік. Бұл салада 5-6 институт нақты жұмыс істеуде, сондай-ақ Қазақстанның индустриясын дамыту институтын құру туралы шешім қабылданған, бұл институттың құрылымында электр энергетикасын дамыту мәселелерімен шұғылданатын бөлімше құрылады.