Электр энергетикасы нысандарының жұмысын мемлекеттік бақылауды жетілдіруге бағытталған заң жобасы мақұлданды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы нысандарының жұмысын бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Аталған заң жобасын таныстырған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің атап өтуінше, құжат электр энергетикасы нысандарының жұмысын мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жетілдіруге, электр энергетикасы нысандарының энергетикалық жабдығының жай-күйін жақсартуға, энергия өндіретін және оны беретін ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысы, электр мен жылу энергиясын тұтынушылардың кең тобының құқықтарын қорғау үшін жауаптылығын арттыруға, энергетика кәсіпорындары көрсететін қызметтердің сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұған қоса Заң жобасында Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикасы жүйесінде электр энергиясына тапшылық не профицит болған жағдайда электр энергиясының экспорты мен импорты саласында шектеу шаралары енгізіледі.
«Электр желілеріне қосылуға рұқсат алуда тұтынушылардың электр құрылымдарын 100-ден 200 килловатқа дейін өзгерту қарастырылды. Осылайша, шағын және орта бизнестің басым бөлігі электр желілеріне мемлекеттік органдардың рұқсатынсыз қосыла алатын болады», - деді Ә.Исекешев.