11:57, 27 Мамыр 2009 | GMT +5
Электр энергиясын дамытудың ірі нысандары ұдайы бақылауда болуы тиіс ? Үкімет басшысы
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Электр энергиясын дамытудың ірі нысандары ұдайы бақылауда болуы тиіс.
Бұл туралы бүгін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Қарағанды облысында 500 кВ-тық «Ағадыр-ОҚМАЭС» желісі учаскесінің іске қосылуы кезінде мәлім етті, деп хабарлайды
ҚазАқпарат.
«Нұр Отан» ХДП-ның ХІІ съезінде Елбасы Үкіметке, әкімдіктерге жаңа индустрияларды дамытуға байланысты бірқатар нақты тапсырмалар берді. Осы орайда бүгін біз маңызды нысандардың бірін іске қосып отырмыз. Атап айтқанда, энергетиканы дамытпай біз өнеркәсібімізді жетілдіріп, әртараптандыра алмаймыз», деді Үкімет басшысы.
Ірі маңызды нысандарды іске қосу бағытында жаңа жұмыс орындарын құру өте маңызды екенін жеткізген Премьер-Министр, «Меніңше, электр энергетикасын дамыту арқылы осындай ірі нысандар еліміздің оңтүстігінде, орталығында, сондай-ақ солтүстігінде пайда болуы мүмкін. Сондықтан бұлардың барлығы ұдайы бақылауда болуы тиіс», деді.
Қайта жасау жұмыстары жүргізілгеннен кейін «Ағадыр» қосалқы стансасы Орталық Азия өңірінде ірі стансалардың біріне айналғанына тоқталған ?KEGOC? басшысы Қанат Бозымбаев, «Қазақстанның жоғары вольтты желілерінің ұзындығы бүгінгі учаскені іске қосу арқылы 386 шақырымға артты. Бұл жобаны жүзеге асыру техникалық жағынан алғанда бірегей саналады. Оның құрылысына отандық өнімдер пайдаланылды», деді.