Электр тарифі өзгерді: Алматыда әлеуметтік өтемақы көлемі қанша болады
Алматыда 1 қарашадан бастап электр энергиясы тарифі көтерілді. Бұл туралы қалалық мәслихаттың кезектен тыс XI сессиясында қала әкімінің орынбасары Асқар Әмрин мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.
«Осы жылдың 1 қарашасынан бастап электр энергиясының тарифі көтерілді. Атап айтар болсам, заңды тұлғалар үшін – 1,2% – ға, жеке тұлғалар үшін-1 квт / сағ үшін 7% - ға»,- деді Асқар Әмрин.
Коммуналдық тарифтердің өсуіне байланысты, әлеуметтік жағынан осал азаматтарға қосымша қолдау көрсету үшін өтемақы көлемі 0,6 АЕК (2070 теңге) дейін көтерілді. Мұндай шешім Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс XI сессиясында қабылданды.
Қала әкімі орынбасарының сөзінше, өтемақы мөлшерін қайта қарау тұрғын үйге әлеуметтік көмекті 345 теңгеге арттыруға мүмкіндік береді.
«Әлеуметтік көмек көрсету мерзімі 2024 жылғы 30 маусымға дейін ұзартылады. Бұл ретте, егер көрсетілетін қызметті алушы 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша әлеуметтік көмек алушы болып табылған жағдайда, оған өтінішсіз әлеуметтік көмек тағайындалады, ал 2023 жылғы 31 желтоқсаннан кейін жүгінген адамдарға әлеуметтік көмек өтініш берілген айдан бастап тағайындалады және төленеді»,- деп түсіндірді ол.
Бұған дейін ХӘОТ санатындағы алматылықтар үшін 0,5 АЕК өтемақыны мәслихат осы жылдың тамыз айында бекіткен болатын. Өйткені шілде айында коммуналдық қызметтерге тарифтер көтерілген еді.