Электр қуатын үнемдеуге көшеміз
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында мойындалған халықаралық энергосервистік шарттар арқылы энергия үнемдеу саласына стратегиялық инвесторлар тарту (59-қадам) туралы Үкіметке тапсырма берген еді. Олардың негізгі міндеті: жеке шығындарын өтей отырып, энергия үнемдеу саласында кешенді қызмет көрсету үшін жекеменшік энергосервистік компанияларды дамытуды ынталандыру және іс жүзінде энергетикалық шығындарды үнемдеуден қаржылай пайда табу екені көрсетілген.
Осыған орай, 2015 жылдың 14-ші қыркүйегінде Инвестициялар және даму министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып, «Қазақстандағы энерготиімділікті арттыру» атты үлкен жобаның басталғанын ресми хабарлады. Аталған министрліктің мәліметі бойынша, жобаны іске асыруға Швейцарияның ынтымақтастық және даму агенттігі Дүниежүзілік банк әкімшілік ететін Сенімгерлік қоры арқылы 21,7 млн. доллар грант бөлген. Бұл жоба мемлекеттік және әлеуметтік нысандардың энергия тиімділігін арттыруға, сондай-ақ, институциялық базаны, соның ішінде электр қуатын үнемдеу және энергия тиімділігін ұлғайту саласындағы жобаларды қаржыландыру механизмдерін құруға бағытталған.
Жобаны жүзеге асыру шеңберінде электр қуатын үнемдеуді және одан келетін әлеуметтік пайданы көрсету мақсатында мектеп, балабақша, аурухана және көшелерге жарық бергенде энергияны әрі аз, әрі тиімді пайдалануға бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Алғашқы іс-шаралар 2016 жылы Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарындағы құрылыс маусымы барысында 19 әлеуметтік нысанда (атап айтқанда, 8 мектеп пен 11 балабақшада) жүзеге асырылады. Іріктеп алынған ғимараттарда жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде жылу беру және жарық беру жүйесі ауыстырылады. Сонымен бірге, ғимараттардың терезелері мен есіктері жаңартылып, оларды жылылау жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетелік, бұл жобаны атқару құзыреті Электр қуаты мен энергия сақтандыруды дамыту институтына беріліп отыр. Институт мемлекеттік энергетикалық тізілімнің операторы болып табылады. Мұндай тізілім 2012 жылы құрылды және қолданысқа енгізілді. 2015 жылдың 1 шілдесіндегі ахуал бойынша, мемлекеттік энергетикалық тізілімге кірген субъектілердің саны 5214 кәсіпорын, компания және ұйымдарды құрайды. Соның ішінде 2266-сы Қазақстан Республикасының «Энергия үнемдеу және энерготиімділікті арттыру туралы» Заңының 16 бабының 4 тармағына сәйкес, энергия аудитін жүргізуге міндетті. Институт электр қуатын жылдық тұтынуға, салыстырмалы шығындарға мониторинг жасайды. Сондай-ақ, тізілімдегі субъектілердің энергия үнемдеу бағытындағы іс-шараларына талдау жүргізіп отырады.
Атап айтарлығы, соңғы жылдары Қазақстанда мемлекеттік энергетикалық тізілім құру және заңнаманы жетілдіру көмегімен энергия тиімділіктің институционалдық платформасын қалыптастыруда ілгерілеушілік байқалады. Алдағы жоспарға электр қуатын көбірек тұтынатын ірі нысандарда тиімділікті арттыру, сонымен қатар энергосервистік компаниялар нарығын дамыту шаралары енгізілген. Осы шараларға қолдау көрсету үшін, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес, «Қазақстандағы энерготиімділікті арттыру» жобасы техникалық көмек көрсетеді. 14 қыркүйектегі кездесуде Инвестициялар және даму министрлігі мен Дүниежүзілік банк «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 59-шы қадамды жүзеге асыру мәселелерін кеңінен талқылады. Солардың бірі - Энергия тиімділік қорын құру. Мұндай қор энергосервистік компанияларға жеңілдетілген несиелер мен қарыздар берудің нақты құралы болмақ.